Жұма күні Талдықорған қаласында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі шеңберінде танымал ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің рухына арналған «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық жазба ақындар мен әншілер байқауы өтті.
Өлең өрнегі арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жас таланттарды қолдау мақсатында өткізілген шараға еліміздің әр өңірінен 29 өнерпаз қатысты. Қазылар алқасында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, қазақтың көрнекті ақындары Ұлықбек Есдәулетов пен Бауыржан Қарағызұлы, дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлі, Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Ахмет Кендірбекұлы болды. Осы байқаудан бізге «ақжолтай» сүйінші хабары жетті! І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен өнер бәйгесінде жас ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының маманы Талғат Мықи үздіктер қатарында үшінші жүлде қорын иеленсе, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Дархан Құлбабаев ынталандыру сыйлығын алды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлық берілді.
«Шарапаты мол шара болды. Байқау шарты бойынша, мүшәйраға қатысқан екі өлеңнің алғашқысы Тұманбай Молдағалиевке, екіншісін Тəуелсіздіктің 25 жылдығына арналды. Жан -жақтан жиналған ақындардың жақсы жырларын тыңдап, жан семіріп қалды», - деді Талғат.
Ақынның арнау өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жұма күні жайып тұрмын алақан…
Екі ақынды ерекше атап дұғада,
Екі алақан жайылады жұмада...
Бірі – Қадыр Мырза Əлі,
Бірі – сенсің Тұмаға!
Сендер едің – адамдықтан аспаған,
Балалығын Соғыс таптап тастаған.
Өлім жайлы хаттар қаптап кеткенде,
Өмір жайлы өлең жаза бастаған.
Бұрқыраған өзен болып ақтыңдар,
Арқыраған арғымақ боп шаптыңдар.
Талықсыған тағдырлардың ішінен,
Бір-біріңді іздеп жүріп таптыңдар.
Көзіміздің қарашығы едіңдер,
Елдің қамын, жердің қамын жедіңдер.
«Адамдардың арасынан біздерді
Ажал ғана айырады», - дедіңдер.
Екеуің де бұл қазақтың данасы ең,
Екеуіңде адал достық бар əсем.
Қар жамылып Қадыр кетті бір күні,
Мұң жамылып мұнда қалдың, Аға, сен.
Өмір - Сізге жақсы дос ед(і) сенетін,
Қайғырса да қалжындаса беретін.
Құса болып іздеп кеттің кешікпей,
Құрдасыңды күнде көргің келетін.
Өздеріңді өлең үшін жектіңдер,
Жүректерге жауқазын жыр ектіңдер.
Бұ дүниеге бірге жылап келдіңдер,
О дүниеге бірге жылап кеттіңдер...
Қатар шөгіп қалды бірдей нар атан,
Атты қанша содан бері жаңа таң...
...Жұмақта да дос болсын деп екеуі,
Жұма күні жайып тұрмын алақан…
Əумин!
Талғат Мықи
www.zhaikpress.kz