Өткен жылғы облыстық бюджеттің атқарылу көрсеткіштері оң динамикамен сипатталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баян етті.
Бюджетті тиімді басқару және мемлекеттік қаржының теңгерімділігі өңірдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің аса маңызды факторы болады. Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, 2023 жылғы облыстық бюджетке нақты түсімдер 433,8 млрд теңгені құрады, оның ішінде өз кірістері есебінен 118,6 млрд теңге (жылдық жоспар 116,7% түсті), республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер және субвенциялар – 262,9 млрд теңге, қарыздар түсімі 24,5 млрд теңге болды. Бюджеттің кіріс бөлігінде өзіндік кірістер абсолютті мәнде 17 млрд теңгеге асыра орындалды, өсім бірінші кезекте салық түсімдері есебінен қамтамасыз етілді. Мәселен, есепті қаржы жылы облыстық бюджетке 113 млрд теңге салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (жоспар 113,3%) түсті. 2022 жылмен салыстырғанда өсім 14,5%-ды немесе 14,3 млрд теңгені құрады, - деді Нұрлан Мұхитұлы.
Спикердің айтуынша, Бюджет кодексіне сәйкес салықтар бойынша облыстық бюджет негізінен табысжәне әлеуметтік салықтар есебінен қалыптастырылады. Олардың үлесіне бюджетке түсетін барлық нақты салық түсімінің 96%-дан астамы тиесілі. Жергілікті бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселесінде жергілікті салық құрылымдарының оң рөлі атап көрсетілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттен түсетін түсімдер 278,5 млрд теңге деңгейінде қалыптасты немесе облыстық бюджеттің түсетін нақты түсімдердің жалпы көлемінің 64%-ын құрады. Бюджеттік субвенциялар өз мәні бойынша өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге бағытталған. 2023-2025 жылдарға арналған еліміздің тиісті заңымен бекітілген, үш жыл ішінде өзгертілмейді. Ал нысаналы трансферттер үш жылдық бюджеттік субвенциялардың қолдану кезеңінде бюджет аралық қатынастарды жедел реттеу құралы болып табылады.
Облыстық бюджеттің шығыстар бөлігі 416,8 млрд теңге болып жоспарланса, ол 413 млрд теңгеге немесе 99,1%-ға орындалды. Есепті жылда 226 бюджеттік бағдарлама іске асырылды. Өткен жылдармен салыстырғанда тіпті бюджеттің өсуін ескерсек, оң тенденция байқалады. Мысалы, 2021 жылы облыстық бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы 98,2%-ды немесе327,1 млрд теңгені, 2022 жылы 98,1%-ды немесе 375,4 млрд теңгені құрады. Облыстық бюджеттің барлық шығысының шамамен 58%-ы немесе 239,1 млрд теңге әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталды. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, әлеуметтік сала шығыстары 36,5%-ға (2022 жылы – 175,1 млрд, 2021 жылы – 157,2 млрд теңге) ұлғайды. Білім беру саласына 193,5 млрд теңге бағытталды немесе облыстық бюджет шығыстарының жалпы атқарылуында 47%-ды құрады. Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 16,1 млрд теңге(2021 жылы – 9,5 млрд теңге, 2022 жылы – 5,4 млрд теңге) бағытталды. Халыққа иммундық профилактика жүргізу аясында вакциналармен және басқа иммундық препараттармен 271,6 мыңнан астам адам қамтамасыз етілді. Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бойынша 92 жас маманға (қолдау мөлшері 1 млн теңгеден 5 млн теңгегедейін) қолдау көрсетілді. «Ауылда денсаулық сақтауды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында Ұлттық қор есебінен 146 медициналық жабдық сатып алынды. Жалпы 8 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория және 4 фельдшерлік-акушерлік пункт (Бәйтерек ауданындағы Асан, Новенький, Бөрлі ауданындағы Аралтал, Жаңақала ауданының Қызылоба, Казталов ауданындағы Бостандық, Сырым ауданындағы Өлеңті, Теректі ауданындағы Сарыөмір, Барбастау ауылдарында) пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 551 медициналық жабдық, 81 аутокөлік, Казталов ауданының Қайшақұдық ауылына медициналық пункт модульді құрылым ғимараты сатып алынды, 16 денсаулық сақтау күрделі жөндеуден өтті.
Әлеуметтік қамсыздандыруға 18,6 млрд теңге, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістік саласына 10,9 млрд, тұрғын үй-коммуналдық салаға 41,5 млрд, ауылшаруашылығына, ветеринарияға және қоршаған ортаны қорғауға 41,6 млрд, көлік саласына 37,2 млрд, кәсіпкерлікті қолдауға 2 млрд теңге бағытталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында есепті жылы 34 ауылда 60 жоба жүзеге асырылды. 35 жоба аяқталды, 25 жоба ағымдағы жылға ауысады.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
zhaikpress.kz