18.06.2024, 11:45
Оқылды: 169

Теректіде көпқабатты тұрғын үй құрылысы қайта жанданды

Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысының кешеуілдегенін аталмыш елді мекеннің тұрғындары жақсы біледі. Ал аталған нысан жұмыстарының тоқтап қалғаны, тіпті құр қабырғадан бөтен ештеңе көрінбейтіні бұдан біраз бұрын облыстық басылым беттерінде жазылды. Жақында Ақжайық ауылына барған іссапарда құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанына куә болған едік.

ED4760A8-6B5A-410D-956F-8FDC0A61500D

Суретті түсірген Мәди Салық 

Алдымен сөз басында айта кетейік, бұл көппәтерлі үйдің құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталған еді. Содан бері  ауыз толтырып айтарлықтай өнімді жұмыс  байқалған емес. Жалпы, келісімшарт бойынша 2022 жылдың желтоқсан айында толық салынып бітуі тиіс еді. Былтыр сәуір айында өңір басшысы Нариман Төреғалиев арнайы барып, құрылыстың қозғалыссыз қалғанына куә болып, алғашқы мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар жауапты мердігер «Нұр Құрылыс-болашақ» ЖШС-ның басшысына  жұмысты ширату қажеттігін де қатаң ескерткен болатын. 2023 жылдың сәуір айында тұрғын үй құрылысына бөлінген 262 млн теңгенің белгіленген уақытта толық игерілмегені мәлім болды. Ал бүгінгі таңда көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қайта жанданды. Қазіргі мердігер «Фирма ИСКОМ» ЖШС-ның учаске бастығы Ғалам Шайжановтың (суретте) айтуынша, бүгіндері жұмыс қызу жүріп жатыр.

Олардың нысанды қабылдап алғанына бір  айдан астам уақыт болған екен. Осы  мерзім ішінде тұрғын үйдің еңсесі біраз тіктелгенін, бұрынғысынан біршама қалыпқа келіп қалғанын жеткізді ол.

– Құрылыс материалдары уақтылы жеткізілуде. Әзірге ол жағынан ешқандай күрделі мәселе жоқ. Әрине, бұл нысан екі жылға жуық бітпей тұрып қалған. Қабырғалары жартылай және кейбір бөлігі құлаған. Нысан ішінде баспалдақтар салынбаған. Бүгінде ішкі жұмыстарымен айналысып және төбе жауып жатырмыз. Содан кейін сыртқы жұмыстарына көшеміз. Алдағы күзге дейін бітіруді жоспарлап отырмыз және жұмысты барынша сапалы атқаруға тырысудамыз, - деді учаске бастығы Ғалам Берікқалиұлы.

Құрылыс нысанында қазіргі кезде 33 адам жұмыс істеуде. Соның бесеуі – жергілікті тұрғындар. Ғ. Шайжановтың сөзінше, күзге дейін толық аяқталуы көзделген тұрғын үйдің терезелерін орнатуды да бастап кеткен. Айта кетейік, бұл үш қабатты үйде 2 бөлмелі және 1 бөлмелі 24 пәтер болады. Ал өзіміздің байқауымызша, жұмыс жақсы жүріп жатыр. Сондықтан айтылған уақытта бітетініне сендік.

Аманжол Исламғали

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале