19.06.2024, 23:45
Оқылды: 276

Сырым ауданы: Досжан Тайшиев кісілік келбеті көркем азамат

- Досжан Ересұлы, кабинетіңізде боласыз ба? Газеттің мәселелерімен кіріп шықсам деп едім..

- Саған мені «Досжан Ересұлы!» - деме деп қанша айттым екен? – деп зілденгесіді құрдасым. Әрине, басшының атын тегімен атасақ – ол, этикет. Қанша дегенмен білдей мемлекеттік бөлімді басқарып отыр ғой.

InShot_20240619_234156254

- Сонымен боласыз ба өзіңізде?

- Сіздер қайдасыздар, редакциядасыздар ма?

- Иә!

- Жарайды, қазір редакцияға өзім барамын. Мүсірбек ағай болса, сәлем берейін. Мәселелеріңді сол кезде айтарсың! Журналистерге сәлемді барып беру керек! – жылы жымиды тұтқаның арғы жағынан.

Міне, Досжан Тайшиев кісілік келбеті көркем азамат!

Мұғалімнің ұлы

Досжанды Шағырлойдағы Абай мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген кезінен танимыз. Кейін «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігіне төрағасы болды. Қоғамдық – саяси жұмыстың әліппесін сол кезде ашты. Ол кезең - үкіметтік ұйымдардың жалдамалы кеңселерінде өмір сүріп жүрген «жастар саясатының» мемлекеттік қамқорлыққа алынып жатқан уағы еді. Сырым ауданынан жастар ресурстық орталығы ашылып, оның тізгіні Досжандай жас әрі жігерлі басшыға берілді.

Жастар саясаты Досжанды шыңдады, шынықтырды десек те, толық әлеуетін аша алмады. Ол тек аудандық ішкі саясат бөліміне басшылыққа келгеннен кейін мүмкін болды. Тайшиев ауданның қоғамдық – саяси өмірінің тамыршысына айналды, дін, жастар ісі, ақпарат секілді салаларды соның кабинеті тоғыстырды. Міне, қилы саланы қиыстырған қызмет жас басшыны зиялы тұлғаға айналдырды. Әрине, Досжандай кадрлардың қалыптасуына Сырым ауданын бес жылға жуық басқарған әкім Абат Шыныбековтай ұстаздың да септігі тиді. Абат Абайұлының шаруақорлығы, қырағылығы, әсіресе «идеологияның иінін қандыру» турасындағы сабақтары оған оң жағынан әсер етті.

Досжан Ересұлы аудандық ішкі саясат бөлімін басқарып жүріп, бірқатар мәдени – саяси оқиғалардың бел ортасында қалды. Бірақ, әр тапсырмадан тәжірибе, әр қателіктен сабақ алып шығатын замандасымыз қай уақытта да өткелден кісілігін бірінші өткізетін.

Досекеңнің газет жұмысына, жалпы журналистерге деген көзқарасы жоғарыдағы бірауыз әңгімеден айқындалып тұр. Негізі, ол мемлекеттік қызметте жүргенде көп ісінің ілгері басуына «Бәке, Сәкесі!» емес, өзінің талапшылдығы мен кішіпейілділігі көмектесті деп ойлаймын. Досжанның үстел тоқпақтағанын көрмедік, бірақ қызметкерлері ерекше сыйлап тұратын.

Қазіргі күні ҚР Үкіметі билікке қойып жүрген «халық алдында ашық әрі қолжетімді болу» дегеннің жалпақ түсіндірмесі кішіпейілділік болса, ол Досжанның бойында бар қасиет.

Қазір Досжан мырза ауданның ең жауапты саласы – білім беру бөлімінде басшы. Алдына қойған мақсаттары – айқын. Кейінгі кезде Сырым ауданында ән мен биден жүлдегер оқушылар көбейгенімен, білім бәйгелерінен бой көрсететін балалар жоғалып кетіп еді. Міне, жаңа басшы жас зияткерлерді іздеуді жалғастыруда.

- Сырымдық оқушылардың облыстық, республикалық ғылыми байқауларда, пәндік олимпиадаларда, зияткерлік сайыстарда топ жарғанын, гранттарға ие болғанын қалаймын. Білімді оқушы – білгір педагог пен сапалы мектептің көрсеткіші. – дейді ол.

Мемқызметкер Досжан Ересұлының Сырым ауданының білім беру саласын жаңа биіктерге жетелейтініне, ұстаздарға жүрекпен қызмет қыларына сенім мол. Өйткені – ол мұғалімнің ұлы!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале