Сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі күні күрделі мәселенің бірі. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын жемқорлық саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдің қай-қайсын да қатты алаңдататыны анық.
Осы орайда аптаның алғашқы күні Тасқала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты облыстық семинар-кеңес өтті.
Аталмыш жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департамент басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымов, аудан прокуроры Дәурен Тажғалиев, әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия мүшелері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Алдымен сөз алған Талғат Асқарұлы семинар жұмысына сәттілік тілеп, оның маңызына тоқталып өтті. Содан соң Мұратбек Жұмағалиұлы сөз алып, Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының бекітілген тұжырымдамасының негізгі бағыттарын түсіндіріп өтті.
– Бұл тұжырымдама негізінде қазіргі уақытта көптеген кездесу өткізіліп, жұмыс атқарылуда. Негізсіз баюға, тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтіп жатырмыз. Сонымен қатар пара алған, пара берген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болса, алдағы уақытта ұсыныс берген адамдарды да қылмыстық жауапкершілікке тартуды жоспарлап отырмыз. Әрбір реформаны жүзеге асыру мемлекеттің қолынан келетін іс емес, ол үшін барлығымыз бірлесе жұмыстануымыз қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетеміз. Жастарға, қоғам өкілдеріне үлкен сенім артып отырмыз. Біз өз тарапымыздан қолдау білдіреміз. Сыбайлас жемқорлық – ұлтымызға да қауіп төндіретін әрекеттер. Соның алдын алу үшін жұмысты бірлесе атқаруымыз керек, - деген Мұратбек Жұмағалиұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағдарламаларына, оның әрбір қоғамдық, мемлекеттік орган, жастар қоғамы, қоғам белсенділерінің белсенді қатысуымен алдын алуға болатын атап өтті.
Содан соң аудан әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиева сыбайлас жемқорлықтан сақтандыру, тұрғындар арасында жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бағытында аудан аумағында атқарылған жұмыс туралы баяндады.
Жиын барысында сұрақтар қойылып, тұшымды жауап берілді.
Есіңізге сала кетейік, егер сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болсаңыз, ол туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 нөміріне хабарласуыңызға болады. Дәл осындай іс-шара аудандық мәдениет үйінде болып, оған аудан жастары қатысты.
Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы