24.06.2024, 21:00
Оқылды: 127

Сырым ауданы: жерлестері Төлебиге ат мінгізді

РФ, Башқұрстан Республикасында “корештен", яғни ат үстіндегі күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған сырымдық спортшы Төлеби Қайыржанов кеше туған жеріне оралды. 

InShot_20240624_163626776

Төлебиді жерлестері елдің есігінен чемпионға лайық сән-салтанатпен, думандатып күтіп алды.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, аудандық мәслихаттың депутаты Батырхан Нұқиев игі тілектерін арнады.

Ат үстіндегі "корештен" Әлем чемпионаты Ресейде дәстүрлі түрде өтеді екен. Мәселен 2022 жылы жарысты Татарстанның Богатый Сабах өңірі қабылдаған. Биыл ту Башқұртстан даласында тігілді.

Қазақ, өзбек, қырғыз, татар, қалмақ және башқұрттың тақымы тастай, білегі бастай жігіттері түскен додадан күміс жүлдені жұлып алып шығу – ерлік.

Финалда тек қырғыз палуанына есе жіберіп, қалған кездесулерде өзі аттан құламаған, қазақтың намысын да құлатпаған батырға ауылдас ағасы, кәсіпкер Нұрлыбек Төлепов ат мінгізді.

Төлеби Қайыржановтың Әлем чемпионатындағы күміс медалі – Сырым ауданының спорты тарихындағы айтулы олжа.

Айта кетейік, ол – А.Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы "Аударыспақ" үйірмесінің жетекшісі, “Сырым батыр” көкпар командасының капитаны.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале