Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Қибат Ахметқалиева Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл жөнінде БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Сариева хабарлады.
Осыған дейін «Халық алғысы» мемлекеттік наградасымен марапатталған.
Кибат Ахметқалиева 1963 жылдың 21 тамызында БҚО-ның Бәйтерек ауданында дүниеге келген.
1992 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын гигиенист, эпидемиолог дәрігері мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 1983 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы №3 емханасында мейірбике болып бастады.
1990 жылдан бүгінгі күнге дейін БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы қызметінде.
«Қибат Джамелқызы эпидемиологиялық талдау әдістерін толық меңгерген. Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды жоғары деңгейде бақылайды және тез шешім қабылдайды. Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдағы зертханалық зерттеулердің нәтижелерін сауатты бағалайды және түсіндіреді. Халықтың денсаулығын қорғау мақсатында инфекция ошақтарында эпидемияның таралуына жол бермеу жөніндегі тиімді іс-шараларды ұйымдастырады.
Коронавирус инфекциясының ең жоғары өршуі кезеңінде денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы ретінде маман эпидстационарларды ашу бойынша шұғыл шараларды қабылдауға қатысты. Бұл аудан бойынша өлім-жітім көрсеткішіне және науқастарды стационарлық емдеумен қамтуға айтарлықтай әсер етті.
Коронавирус инфекциясында шұғыл шара және кешенді жедел жоспарды қабылдау бойынша медициналық штаб жұмысына белсенді қатысты», дейді Нұрсұлу Сариева.