28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай Тасқала ауданы әкімі Талғат Шакиров аталмыш сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Алғаш рет облыстық деңгейде ұйымдастырылған мерекелік шараға «Приуралье» газетінің бас редакторы Тоқтар Кенжеғалиев, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас бухгалтерінің орынбасары Жұмағаным Жексенғалиева, «Ақжайық» телеарнасының редакторы Тәттігүл Өтеғалиева, аға телеоператор Рүстем Ищанов пен «Орал өңірі» және «Приуралье» газетінің Тасқала ауданындағы меншікті тілшісі Темірболат Тоқмамбетов, сондай-ақ, «Екпін» газетінің ұжымы арнайы шақырылды.
Алдымен ауданға кіреберістен қонақтарды ақпен қарсы алғаннан соң мерекелік шара Амангелді ауылына қарасты «Жигули» демалыс кешенінде жалғасты. Мұнда журналистер қауымы ұлттық спорт ойындарынан өткен сайыстарға қатысып, бақ сынады.
Садақ атып, мергендіктерін байқады. Арқан және табан тартысына қатысып, күштерін көрсетті.
Салтанатты жиында алғаш болып сөз алған аудан басшысы Талғат Асқарұлы ақпарат майданының қызметкерлерін айтулы мерекеен құттықтап, тілегін білдірді.
– Құрметті БАҚ өкілдері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін бірегей кәсіп. Қоғамдағы болып жатқан сан түрлі оқиғалар мен адамдардың тағдыры – сіздердің жұмыстарыңыздың өзегі. Халық сіздер арқылы өздері өмір сүріп жатқан орта жайлы мәлімет алады. Сондықтан, әрдайым шынайылық пен ақиқатқа бағынатын журналистердің көтеретін жүгі де ауыр деп білеміз. Сондықтан, ақпарат майданында жүрген баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, қаламдарыңыздан қасиет кетпей, шабыттарыңыз шарықтай берсін дегім келеді, - деді өз сөзінде.
Содан соң, сала қызметкерлеріне құттықтау хат пен естелік сыйлықтарын табыс етті. Салтанатты шара жезтаңдай әнші Хайреден Сұлтангереевтің орындауындағы ауданымыздың әнұранына айналған «Жайнай бер Тасқала» әнімен аяқталды.
Одан әрі шара мерекелік дастархан басында жалғасты. Бұл күні журналистер қауымы бір сәт жұмыстан қолдары босап, би билеп, балық аулап, суға түсіп, біраз сергіп қалды.
Ашық аспан астында өздеріне есте қалар әсерлі кеш сыйлағандары үшін аудан әкімдігі мен ұйымдастыру алқасына ризашылықтарын білдірді.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы