Бүгін Достық ауылына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тоқтады. «Жанға дауа, науқасқа шипа сыйлауға» келген ақ халатты абзал жандар ауыл тұрғындарына кеңестерін беріп, ем-дом шараларын жасайтын болады.
«Саламатты Қазақстан» жобасы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен, «Самұрық-қазына» қоры және Денсаулық сақтау министрілігімен жүзеге асырылып отыр. «Саламатты Қазақстан» пойызы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, тұрғындарға үлкен көмек ұсынып келеді. Медициналық пойызына кәсіби медиаторлар мен заңгерлер де қосылып, тұрғындарға кеңестерін беруде.
Әлеуметтік жоба аясында Тасқала ауданына келген мамандарды Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шүкеева, аудан әкімі Талғат Шакиров, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Татьяна Рогозина, аудан тұрғындары қарсы алды.
Талғат Асқарұлы медициналық ұжымға аудан тұрғындары атынан алғысын білдіріп, шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетуге бағытталған бастамаларына табыс тіледі.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы