Бүгінде есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Төменде баяндалатын жасөспірім К.-ның іс-әрекеті басқа да кәмелеттік жасқа толмағандарға сабақ болатынына сенімдіміз.
Сурет: istockphoto.com
Кәмелеттік жасқа толмаған К. тұрғындардың денсаулығына зиян келтіретін қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған.
Ол 2023 жылы наурыз айының соңына қарай (нақты күні анықталмаған) Орал қаласында заңсыз аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сату үшін белгісіз тұлғалармен байланыс орнатқан. Iphone 13 ұялы телефоны арқылы Telegram мобильді қосымшасын пайдаланып, «Red Bull», «Maks» ныспылы желі қолданушыларына хат жолдаған. К. өзі туралы мәліметтерді жасыру мақсатында Telegram желісіне өзінің кездесіп жүрген құрбысы А.-ның есімімен тіркелген. К. «Maks» қалдырған психотроптық заттарды көрсетілген мекенжайлар бойынша жинап алған.
Сөйтіп К. 2023 жылы наурыз және тамыз айларының аралығында оңай әрі заңсыз табыс тапқан. 28 тамыз күні К. «Maks» хабарлаған мекенжайға, яғни облыс орталығының іргесіндегі Желаев ауылына барып, 25 дана аса ірі мөлшердегі психотроптық затты алады. Арам пиғылын жүзеге асырмақ ниетпен оны қала аумағында тарату, сату мақсатында өзінде сақтайды. Содан соң К. Орал қаласындағы Жеңіс саябағына ат басын бұрып, сол жерге 23 дана психотроптық затты жасырады. Ал қалған екеуін өзінде қалдырады. Сол күні кешкі сағат 19.04 шамасында К. тәртіп сақшыларының көзіне түседі. Тексеру барысында оның шалбарының қалтасынан 2 психотроптық зат және Iphone 13 ұялы телефоны табылады.
Айыпталушы К. кінәсін толық мойындап, 2023 жылы наурыз айында үй қабырғасына жапсырылған жарнамадағы Telegram мобильді қосымшасына өтіп, «Red Bull» есімді желі қолданушысымен танысқанын айтты. «Red Bull» оған психотроптық заттарды қалай сату керектігін егжей-тегжейлі үйреткен. Әрі қарай К. «Maks»-пен жұмыс істей бастаған. 2023 жылы айыпталушы наурыз және тамыз айларының аралығында 250-300 дана психотроптық затты сатып үлгерген. Шамамен 500-600 мың теңге көлемінде ақша тапқан. Ақша оған «Тоталкойн» қосымшасы арқылы аударылып отырған.
Тергеу барысында Қ., Т., М., С., Е., М. есімді куәгерлер К.-ның психотроптық заттарды сатумен шұғылданғанын толық айғақтады. К.-ның құрбысы екеуінің 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап кездесіп жүргенін тілге тиек етті. 2023 жылы жаз айларында А. К.-ның ғаламтор арқылы табыс табатынын білген. К. оған бірнеше мәрте гүл беріп, тәттілерді сыйға тартқан. Және бірнеше мәрте тамақтануға шақырған. Соның бәріне ақшаны К. төлеген. Ол А.-ға табысты қандай жолмен табатынын мүлде айтпаған.
Әңгіме арасында К. құрбысына анашаны тұтынып көргенін айтып қалған. 2023 жылы 28 тамызда К. оған қоңырау шалып, Орал қаласындағы Жеңіс алаңына шақырған. Кешке жақын тәртіп сақшылары К.-ны ұстап, тексере бастаған. А. дәл осы сәтте Жеңіс алаңынан кетіп қалған. К.-ның психотроптық заттарды тасымалдау, сату арқылы табыс тауып жүргенін А. сонда ғана білген. Сондай-ақ ол К.-ның өзінің атынан Telegram мобильді қосымшасына тіркелгенінен де бейхабар болған.
Қысқасы, К. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5-тармақтары бойынша айыпталды. Яғни ол «аса ірі мөлшердегі есiрткi заттарын электронды байланыс құралдарын пайдалану арқылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өткізу мақсатында заңсыз иемденген, сақтаған және тасымалдаған». Ол 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын атқару, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу – барлық құзырлы құрылымдардың міндеті.
Жандос Жұбанов
облыстық прокуратураның басқарма прокуроры