Халқымызда «Отан отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген сияқты отбасы тақырыбында нақыл сөздер, мақалдар өте көп. Олардың бәрі де бекер айтылмаса керек. Себебі еліміз мықты мемлекет болуы үшін әр шаңырақ тату-тәтті, бірлікте өмір сүруі тиіс.
Отбасының құндылығы мен маңыздылығына дана халқымыз ежелден назар аударып, мән берген.
Еліміз үлкен бір мемлекет болса, ондағы әр отбасы шағын мемлекет саналады. Бөрлі ауданында осы бір шағын мемлекеттерін басқаларға үлгі қылып жүрген көпбалалы отбасылар баршылық.
Солардың бірі Абдрахмановтар жанұясы.
Бүгінгі кейіпкерлеріміз – ауданымызға қарасты Успен ауылдық округінің тұрғындары. Абат пен Гүлмираның шаңырақ көтергендеріне биыл – 18 жыл. Отағасы Абат Успен ауылдық мәдениет үйінің саз жетекшісі болса, отанасы Гүлмира ауылдағы медициналық пункттің медбикесі.
Олар үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған өнегелі, өнерлі отбасы. Үлкен ұлдары Әли IQanat дарынды балалар мектебінің түлегі. Биыл мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түседі. Әли болашағын логистика саласымен байланыстырып отыр екен.
Одан кейінгі қыздары Әл-Кәусар қаламыздағы №6 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы. Ортаншы ұлы Әбдірахман Успен ауылдық мектебінің 3 сыныбында оқыса, үйдің кішілері Зере даярлық тобына барады, ал Әбдуғазиз – балабақша тәрбиеленушісі.
Баланың болашақта жақсы азамат болып, жан-жақты, тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге байланысты. Бұл пікірге кейіпкеріміз де келіседі.
– Біз әрқашан балаларымызға отбасылық құндылықты дәріптеп, түсіндіреміз. Оларға отбасы – Отанның бір бөлшегі екенін ұғындырып отырамыз. Біздің басты мақсатымыз – балаларымызды адамгершілікке, бірлікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Елімізден бөлек, ауданымыздың өзінде көпбалалы отбасылар баршылық. Оларға отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасының маңызды екенін әркез айтып отырамыз, - дейді Гүлмира Берікова.
Абдрахмановтар жанұясы мүшелерінің жеке марапаттарынан бөлек, отбасылық жарыстардан да алған жүлделері баршылық. Мысалы, «Толағай» облыстық жас отбасылар арасындағы спорттық жарыстан І орын, «Өнерімен өнеге – әнді сүйген Отбасы» атты аудандық мәдениет қызметкерлерінің отбасылық байқауында бас жүлде иегері атанған.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына 2022 жылы қатысып, аудандық деңгейінен алдыңғы қатардан табылып, облыстық кезеңнен белсене қатысқаны үшін БҚО әкімінің алғысхатына ие болған.
Негізінен, аталған жарысқа Абдрахмановтар жанұясы 2014 жылы ата-анасымен, бауырларымен бірге қатысқан екен. Ал 2022 жылы өздері бес баласымен бірге қатысыпты. Ал жеке марапаттарына келетін болсақ, балалары көптеген жарыстарға қатысқан.
Мысалы, үлкен ұлдары Әли мен қыздары Әл-Кәусар мәнерлеп оқу, ән айту, сурет салу, ат жарыс, теннис, волейбол және футбол сияқты жарыстардың жеңімпазы және жүлдегерлері.
Отағасы Абат Абдрахманов та көпбалалы отбасыдан шыққан. Оның алты апасы, екі қарындасы, бір інісі бар. Негізінен, Абдрахмановтар жанұясы – ауданымызға, облысымызға танымал отбасылардың бірі.
Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы Успен ауылдық мәдениет үйінің Абдрахмановтар отбасылық ансамблі 2016 жылы құрылып, сол жылы ансамбльге «халықтық» атағы берілген.
Ансамбль жетекшісі – Марат Абдрахманов. Бұл отбасының ата-анадан бөлек, балалары мен немере-жиендерінің өзі өнерден құр алақан емес.
– Отбасы – бәріміздің өміріміздегі ең басты байлық. Тәрбие беруде бастысы баланың бойына ең жақсы қасиеттерді сіңдіру деп ойлаймын. Жолдасым екеуміз балаларымызға үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керектігін айтып отырамыз. Бала көргенін істеп, естігенін айтатын кішкентай уақытында оларға үлгі көрсету біздің міндетіміз. Балаларым үлкенінен кішісіне дейін әркез қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Мектепте де қатарластарымен бірге жарыстарға қатысып, үнемі алдыңғы қатардан көрінеді, - дейді кейіпкеріміз.
Абдрахмановтар отбасында бір-біріне деген құрмет пен сыйластық басты орында. Аталмыш жанұя ауылдастарының алдында сыйлы, беделді отбасылардың бірі. «Мерейлі отбасы» байқауының арқасында еліміз бен ауданымызда бетке ұстар, үлгі тұтатын отбасылардың көп екендігіне көзіміз жетіп жүр.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы