4.07.2024, 11:30
Оқылды: 213

Бөрлілік Ахмет Италиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Ахмет Италиев еңбек жолын 1998 жылы «Интергазстрой» акционерлік қоғамында геодезист болып бастаған. Кейін «САЙПЕМ» фирмасында құрылыс бойынша супервайзер, Қарабатандағы «АДЖИП» фирмасының кен орнында құрылыс үйлестіруші болып жұмыс істеген. Жасынан тындырымды, еңбекқор боп өскен ол 28 жасында өз кәсібін ашуды ұйғарады.

EB9E3FB7-E5DA-45AD-B331-CB5B4D06727C

Яғни, 2005 жылдан бастап Қазақстан бойынша көлік қызметтерін көрсететін «Батыс Қазақстан саудасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры. Негізі жоғары оқу орнын Алматы қаласындағы Теміржол көлігі инженерлері институтын құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейіннен Орал қаласындағы Инженерлік-техникалық университетті мұнай-газ мамандығы бойынша бітірген.

«Осы Ақсайда туып-өстім. Осы Ақсайда мектеп бітірдім. Біраз жыл Ақсу ауылында тұрғанымыз да бар. Қаламыз кенішті қала екенін білесіздер. Кен орны болғасын жан-жақтан келіп жұмыс жасайтындар көп. Мен өзімнің жергілікті тұрғын екенімді мақтан етемін, - дейді біздің кейіпкеріміз, бүгінгі батыр бейнелі Ахмет. – Мен ешқандай ерлік жасаған жоқпын деп ойлаймын. Бар болғаны кез-келген азаматтың қысылтаяң күн туғанда атқарар ісін жасадым».

Ол солай десе де аудан жұртшылығы оның елде су тасқыны болған кезде жасаған жұмысын, іс-әрекетін ерлікке пара-пар деп бағалап отыр.

Таныңқырамайтындар үшін Ахмет жұмысында қауіпсіздікті сақтау мен еңбекті қорғауға және жеке құрамның денсаулығына ерекше көңіл бөлетін шебер ұйымдастырушы, ісі өрге ерте домалаған алғыр кәсіпкер ғана шығар. Ал ол арнайы техниканың түрлі-түрлісінде жұмыс жасауды, оны күтіп ұстауды және жөндеуді білетін мықты маман екенін біле бермеуі мүмкін.

Сонымен бірге экскаваторшы, тракторист-комбайыншы, жүргізуші, механик, слесарь мамандықтарын біріктіре алатын тәжірибелі жүргізушіден гөрі виртуоз жүргізушіге (егер солай айтуға келсе) көбірек ұқсайтын қыры да осындай сын сағатта көзге түсті.

Аудан аумағында қардың қарқынды еруі мен қатты жауын-шашынның салдарынан Ақсай қаласының тұрғын үйлерін тасқын су басу қаупі төнген сәтте Ахмет Орынғалиұлы мекемесіндегі қызметкерлермен бірге көмекке келді. Олар тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін, үй-жайлары мен дүние-мүлкінің бүлінуіне әкеп соғатын көп қарды шығаруға және еріген суды сору жұмысына белсене қатысты. Осы жұмыстарды атқару барысында Ахмет Италиев қызметтік міндеттерін жоғары кәсіби деңгейде орындап, еңбекқорлық танытты.

Бір сөзбен айтқанда, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Бұл наурыз айының іші болатын. Жұрт ана көше суға кетті, мына көшеге су кіріп жатыр деп дүрбелең болып жатқан мезгіл. Аудан, мекеме басшылары мен еріктілер командалары күндіз-түні қар суын бақылаумен, оны бұрумен, бөгеттер жасаумен жүрген кез болатын. Ахмет сияқты жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады. Әрбір құтқарылған үй, сақтап қалған қора-қопсы үшін ризалық сезім де жоқ емес. Бірақ олар бұл кезде үлкен қиындық алда екенін, нағыз ер-азамат етігімен су кешкен дейтін уақыт енді келе жатқанын білген де жоқ еді. Көп кешікпей, еріген қар суы толастамай жатып ақ, Жайық көтеріледі, мол су келе жатыр деген хабар жетті. Су деген шіркін, жақсы ғой. Өзен жағасындағы елдерде шөп жақсы шығады, шабындыққа қарық болады дегендей. Бірақ өзеннің қатты тасуы жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төндіретіні тағы бар.

Жайық тасымасын, Жайық тасыса жағалауындағы ауылдарға қиын болатынын бәрі біледі. Сөйтіп, сәуір басталысымен ауданда Жайық өзенінің арнасында орналасқан елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру басталып та кетті. Міне, осы кезде ауылым – алтын бесігім дейтін ерлер тағы да алға шықты. Жайық жағасында орналасқан ауылдарды су астында қалдырмау үшін білек сыбана кіріскендердің қатарында тағы да Ахмет Италиев жүрді. Бұл жолы ол өзінің жеке экскаватор арнайы техникасымен жұмыс жасады. Әсіресе, Қанай ауылы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын бөгеттің салынуына белсене атсалысты. Сонымен қатар, бөгет бойымен құм салынған қаптарды төсеу барысында ол өзін шебер ұйымдастырушы, іскер басшы ғана емес, тәжірибелі тракторшы ретінде көрсете білді.

AC98DC04-BDDB-47D2-9AB5-353A39E62CC2

Ол Қанай ауылдық округінің әкімімен бірлесе барлық жүргізіліп жатқан жұмыстарға, оның ішінде жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялауға және халыққа көмек көрсетуге қатысты. Өзінің азаматтық борышы мен жауапкершілігін сезініп, уақтылы және тез шешім қабылдай отырып, төтенше жағдай кезінде авариялық жағдайлардың туындауына жол бермеді. Оған қоса, Ақсай қаласынан қосымша күштерді тарту және тасымалдау жұмысына да үлкен үлесін қосты.

«Кәсіби шеберлігі мен қайсарлығы, оның жұмысты тиімді үйлестіру қабілеті су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде айтарлықтай көмек болды», - дейді сол кезде су тасқынына қарсы іс-шаралардың басы-қасында жүргендер.

Ал Ахмет Италиев болса Қанай ауылы, онда су тасқыны кезінде болған жайлар туралы былай әңгімелейді: «Қанай ауылын су баспас үшін жанкештілікпен үлкен жұмыс атқарылды. Өйткені ауылды айнала төрт жағынан да су қоршап тұрған жалғыз ауыл Қанай болды. Бірақ бұл жұмыстарды мен жалғыз атқарған жоқпын. Басқа облыстан келген солдаттар жақсы жұмыс жасады. Мұғалімдер, еріктілер де көп көмек көрсетті. Десе де мен ауылдың үлкендеріне қатты риза болдым. «Қарты бар үй – қазынасы бар үй» демекші, жұмыс жасап жатқандарды қойын сойып қамқорлаған, күндіз-түні сумен алысып жүргендердің қастарына барып ақыл-кеңестерін аямаған қарттар болды». 

«Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, елі ерін бағалай білді. Ахмет Орынғалиұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.  

Аталған марапатты облыстың бір топ марапатталушыларымен бірге облыс әкімдігінде өңір басшысы Нариман Төреғалиев тапсырды.  

Жалпы, жары Гаухар Маратқызы екеуі гүлдей жайнаған бес қыз өсіріп отырған абзал азамат өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, ауылдастарына қол ұшын созумен бірге ұлтымыздың атбегілік өнерімен де айналысады. Ат баптап бәйгеге қосқанды жаны жақсы көреді екен. Сонымен бірге шахмат ойнағанды да жақсы көреді. Оның аудан өміріне, өркендеп-даму ісіне араласуы бір бұл емес. Былтырғы су тасқынында да, одан бұрын да қажет жерде демеушілік көмегін аяған емес.

Сонау 2016 жылы Ақсай қаласында бірнеше кәсіпкер бірігіп, Наурыз паркін қалпына келтіру керек болғанда бар қажыр-қайраты мен қаржысын жұмсағандардың бірі. Сол үшін де 2016 жылы «Жомарт жүректі» иеленген еді. Ал содан кейінгі жылдардағы қаланы күл-қоқыстан тазалау үшін жергілікті кәсіпкерлер «Асар» бастамашыл тобын құрғанда да алғашқылардың бірі боп қол созған-ды. Сондықтан да аудан халқы алдында үлкен бедел, құрметке ие. Сондықтан да абыройы асқақ, мәртебесі жоғары.

Сол еңбектері үшін де облыс басшылығында болған А.Көлгіновтен, Ғ.Есқалиевтан алған алғысхаттары бір төбе. Алдағы уақытта да абырой биігінен түспесіне сенім мол. Өйткені ол туған ел, өскен жер алдындағы перзенттік, азаматтық борышы мен жауапкершілікті жақсы сезінеді.                                                                                           

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале