Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Қазақстан журналистер одағының өңірілік өкілдігі садақ атудан журналистер арасында жарыс ұйымдастырды.
Жарыс халықаралық спорт журналистері күніне орайластырылды.
Былайғы уақытта отты сөзімен қоғамды мазалаған мәселені дәл табатын журналистер бұл жолы садақ тартып, нысананы дәл көздеуде сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына Орал қалалық дене және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, "Жайық Пресс" медиахолдингінің директоры Дархан Оразов, өңірілік коммуникациялар қызметінің басшысы Махамбет Сұлтанғалиев, "Орал" спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов, ардагер журналист Есенжол Қыстаубаев, БҚО садақ ату және дартс федерациясының президенті Сағадат Нұрман қатысты.
Қорытындысында құралайды көзге атқан журналист қыздар арасында үшінші орын "Aqjaiyq" арнасының қызметкері Ақниет Ғалым, екінші орын "Жайық Пресс" қызметкері Данагүл Шарапиева иеленсе, бірінші орынды "Aqjaiyq" арнасының тілшісі Гүлден Аюпова жеңіп алды.
Ал ерлер сынына келсек, үшінші орын теректілік Өтеген Мүбаракқа, екінші орын өңірлік коммуникациялар қызметі басшының орынбасары Белен Әшімовқа бұйырса, "Жайық Пресс" медиахолдингінің басшысы Дархан Оразов жарыс жеңімпазы атанды.
Ашық турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медал және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түгелбай Бисен,
Сурет авторы: Мәди Салық
zhaikpress.kz