10 шілде күні елімізде Ветеринария қызметкерлері күні кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов айтулы мереке қарсаңында ауданымыздың ветеринария саласы қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.
— Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Ветеринария қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Экономиканың негізгі тірегі болып табылатын мал шаруашылығы саласында ветеринарияның маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстан халқына жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес», деп Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінде стратегиялық маңызы бар сала қарқынды дамып келеді. Саланың дамуында өздеріңіздің айрықша қолтаңбаларыңыз бар, — деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда ауданымызда ветеринария саласында 108 қызметкер, оның ішінде 81 ветеринариялық дәрігер абыройлы қызмет атқаруда. Казталов аудандық ветеринариялық станциясының диагностикалық, профилактикалық жұмыстары, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және қаңғыбас иттерді аластату жұмыстары бойынша жоспарды артығымен орындап, оң көрсеткіштерді көрсетіп отыр.
Аудан әкімі сұранысқа ие мамандық иелеріне эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру жолында аянбай еңбек етіп, ауданымыздың ветеринария саласының дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.
Мереке қарсаңында Талап Болатұлы, Бекболат Өтенұлы, Жансая Бауыржанқызы, Серік Ғимеденұлы, Қанат Нигметоллаұлы, Әділет Қанибекұлы сынды сала мамандары аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Казталов ауданы әкімдігінің
баспасөз қызметі