16.07.2024, 11:45
Оқылды: 67

Оралда құтқару батальоны жасақталып жатыр

Кешегі тасқын кезінде ауызбіршілік пен қатерге қарсы тұратын ұйымшылдықтың маңыздылығына көзіміз жетті. Өміріне қауіп төнген жандарды құтқаруға, табан астында тәуекел етіп, шұғыл шешім қабылдайтын кәсіби мамандардың да көп болуы қажет екенін түсіндік. Осыған орай ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2024 жылдың 24 маусымындағы №13 бұйрығына сәйкес Орал қаласында Есет Көкіұлы атындағы 20982-әскери бөлімінің №2 құтқару батальоны құрылуда. Бұл тура­лы ҚР Төтенше жағдай министрлігі Азаматтық қорғаныс комитеті 20982-әскери бөлімі №2 құтқару батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары, майор Шыңғыс Нұрсұлтанов редакцияға арнайы келіп, егжей-тегжейлі баяндады.

C6E4ED61-5FC9-4C24-A6D7-4651808DE68C

– Батальонның негізгі міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою. Батальонның заңнамаға сәйкес басқа да міндеттері бекітілген. Төтенше жағдай орын алған жағдайда батальондағы әскери қызметшілер авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялайды. Қазіргі таңда батальонның жеке құрамы жинақталуда. Штаттық бірліктердің жалпы саны – 109. 19-32 жас аралығындағы азаматтардың өтініштерін қабылдаймыз. Бүгінде 24 маман жұмысқа орналасты. Құжаттарды уақытша Орал қаласындағы Гагарин көшесі, 25/2 үй мекенжайында орналасқан ғимаратта қабылдап жатырмыз. Ең төменгі айлық – 130 мың теңге. Батальонға құтқарушылар, альпинистер, В, С, Д санаттары бар жүргізушілер, краншы, тракторшылар, электриктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, ҰҰА (ұшқышсыз ұшатын аппарат) маманы, шағын қайықтардың жүргізушілері және сүңгуір мамандар қажет. Алдағы уақытта батальонға өз алдына ғимарат берілмекші. Әскери қызметшілер ұдайы дайындықта болады. Жан-жақты дайындалып, физикалық тұрғыда шыңдалады. Батальонға төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын құралдар жинақта­лады. Байланыс жүйелері құрылып, төтенше жағдайдың орын алатыны болжанған сәттен бастап жергілікті тұрғындарға, құзырлы құрылымдарға хабар беріледі. Өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қауіп-қатерді жоюға бағытталған іс-шараларға мониторинг жүргізіледі. Батальонның тағы бір мақсаты – мемлекеттік резервті қалыптастыру, оны сақтау, пайдалану, - деді Шыңғыс Нұрбекұлы.

178E702C-7FCC-4A73-AA95-A540E623957F

Жоғарыда айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру мақсатында батальон құрамы толықтырылуда. Елінің амандығына алаңдайтын ерлер келісімшарт бойынша қызметке шақырылуда. Әскери қызметке қабылданудың өзіндік талаптары бар. Қызметке орналасқысы келетін жанның біріншіден, мерзімді әскери қызмет атқарғаны туралы әскери билеті болуы керек. Екіншіден, психологиялық даярлығы жоғары деңгейде болғаны жөн. Үшіншіден, физикалық дайындығы тексеріледі. Төртіншіден, осы уақытқа дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны да комиссия тарапынан қаралады. Бесіншіден, әке-шешесі сотталмаған болуы тиіс.

Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексерісінен өтеді. Одан өткен соң денсаулығы тексеріледі. Айта кетейік, жоғары оқу орындарында әскери кафедрада оқығандардың да батальонның жеке құрамына қосылуға мүмкіндігі бар.

C3AABD5B-FB14-4C4D-8352-EF4CAFACC963

– Құтқарушыларға жүктелетін міндеттерге тоқталайын. Олар зардап шеккен адамдарды iздеп, құтқару мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасайды. Алғашқы медициналық, қажет кезінде басқа да көмектер көрсетеді. Кез келген уақытта жұмысқа шығуға, құтқару шараларына белсене араласуға, тәуекел етуге, шұғыл шешім қабылдауға дайын болуы тиіс. Авариялық-құтқару жұмыста­ры мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясын қатаң сақтауы қажет. Бұйрықтарды бұлжытпай орындап, тапсырмаларды тиянақты атқару керек. Сондай-ақ құтқарушылар төтенше жағдай орын алған жағдайда азаматтарға қауіпсіз жүріп-тұру қағидаларын үйретіп, әрекет ету тәртібін толық түсіндіруге міндетті. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Кепілдендірілген тұрғын үй және мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй төлемдері, сондай-ақ зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады. Әрбір отбасы мүшесіне пәтер төлеміне 47 мың теңгеден беріледі. Дәл осындай батальон Алматыда, Қостанайда және Өскеменде ашылды, - деді майор Шыңғыс Нұрсұлтанов.

2D5BD72F-D4C0-45B1-BA5C-2CFE12F3DE0F

2023 жылдың 13 ақпандағы №122 Үкіметтің қаулысына сәйкес Ақтөбе облысының аумағында құрылған 20982-әскери бөлімі аз ғана уақыт ішінде қыруар шаруа атқарып үлгерген. Шыңғыс Нұрбекұлының сөзіне сүйенсек, 20982-әскери бөлімі көптеген төтенше жағдайды жоюға белсене қатысқан. 2024 жылы қыс мезгілінде Ақтөбе облысындағы аутожолдарда тұрғындар мен техникаларды эвакуациялау жұмыстарымен шұғылданып, жылу жүйелерін қалпына келтірген.

34F67E83-66F7-464C-925C-A2E47716E9F1

Биыл көктемде су тасқыны кезінде Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының бірнеше ауданына барып, суды сору, бөгеттер тұрғызу, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына атсалысқан. Осылайша әскери бөлім өңірлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға зор үлес қосқан.

– Әскери бөлімде 148 қызметкер оқытылды. Оның 60-ы алғашқы көмек көрсетуді меңгерді. 70-і «Маман құтқарушы» мәртебесін алды. 15-і инженерлік техниканы жүргізуді үйренді. 3-еуі қауіпті жүктерді тасымалдау тәсілдерін игерді. Су тасқыны кезінде 20982-әскери бөлімінің 25 қызметшісі Атырау облысы Құлсары қаласына жіберілді. Жүз шақты әскери қызметші Орал қаласына келіп, бөгеттер тұрғызу жұмыстарына араласты. Бір ай бойы Құлсары қаласында болдық. Аталған қаладағы Береке және Мереке ықшам аудандарында бөгеттер тұрғызып, күні-түні жұмыс істедік. Жер­гілікті тұрғындармен бірге тасқынмен күрестік. Су деңгейі төмендегенге дейін сол жерден табылдық. Шыны керек, бұлай жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Алайда, біздің басты міндетіміз – тұрғындарға көмектесу. Жалпы біз уақытпен санаспай еңбек етеміз. Өз басым осы салада 15 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Адамдардың алғысы бізге жігер сыйлайды. Құтқарушы болғысы келетін адам ең әуелі Отанын сүюі қажет. Біздің моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да мықты болғанымыз жөн, - деді Шыңғыс Нұрбекұлы.

4921D14E-B601-4131-9F4D-392CB10F18D1

Өз кезегінде №2 құтқару батальоны құрамындағы рота ко­мандирінің орынбасары, аға лейтенант Алдияр Нығметов әскери өмірдің қызықтары, қиындықтары туралы сөз қоз­ғап, батальонда жастардың мол тәжірибе жинайтынын жеткіз­ді.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале