18.07.2024, 9:30
Оқылды: 138

Ақжайықта әдеби-сазды кездесу кеші өтті

Ақжайық ауданының Ілбішін ауылында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, жұбантанушы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Үзілдік Елеубайқызының 70 жас мерейтойына арналған «Ел деген алтын тұғырым» атты әдеби-сазды кездесу кеші өтті.

3D71434A-CDA3-479E-8C91-C08B3DC7064E

Айта кету керек, жерлес апамыздың 70 жасы биыл аудан, облыс көлемінде кеңінен аталып өтіліп жатыр. Жұртшылықпен әр жүздесуінде ақын ұрпақ тәрбиесі, жұбантану, елге сүйіспеншілік туралы мағыналы тақырыптарды әңгімесіне арқау етіп келеді. Бұл жолы да ол Ілбішін жұртшылығымен сырласып, ұлағатты сөз саптады. Осылайша, Үзілдік Елеубайықызының ауылға кезекті сапары көпшіліктің мерейін өсірді.

Шараға Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сағынтай Бисенғалиев, ардагер-ұстаз, тарихшы, белгілі өлкетанушы Алдаберген Сәрсеков, еңбек ардагерлері, Битілеу, Тінәлі, Қабыл елді мекендерінен кітапханашылар, оқырмандар қатысты.

Әдеби-сазды кешті кіріспе сөзбен ашқан Роза Сәкенқызы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, жұбантануға жол ашып берген Үзілдік Елеубайқызын құттықтап, еңбегімен елдің құрметіне бөленген жандармен осындай басқосудың бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі дәріс  екенін атап өтті.

Шарада сөз сөйлеген ақын Сағынтай Бисенғалиев өнердегі үзеңгілесі туралы кеңінен айтып, қатар жүрген шақтардағы айтыс сахнасындағы қызықтарды әңгімелеп, кеш иесінің өлеңдегі, жұбантанудағы қолтаңбасын сөз етті.

Белгілі өлкетанушы Үзілдік Елеубайқызының группаласы Алдаберген Сәрсеков жылы лебізін арнап, ақынға қандай құрметтің де артық етпейтінін айтты.

Елдегі жаңалыққа елең етіп жүретін оқырман,  белгілі өнер иесі, ауылдасымыз Өмірзақ Жұлқашев ақын шығармашылығымен жақсы таныс. Ауылдастар атынан сөз сөйлеген ол ақынға толағай табыс тіледі.

– Өмірімді елге қызмет етумен өткізіп келемін. Байқап қарасам, өлеңдерімнің дені ауылға, туған елге, еңбеккерлерге арналған екен. Махаббат лирикасынан гөрі азаматтық поэзияны жазғанды жақсы көргендіктен, осылай болуы заңдылық. Жұбан ағамды насихаттаудағы жұмысымды өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы еңбектерімді ескеріп, мерейтойыма орай ауылға арнайы шақырған ілбішіндіктерге зор алғыс білдіремін, - деді кеш соңында Үзілдік Елеубайқызы.

Шараны қорытындылаған Ақжол ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тәтжан Есенұлы мен Ілбішін ауылдық моделді кітапханасының меңгерушісі Гүлжан Садықова кеш иесінің иығына камзол жапты. Сондай-ақ С. Бисенғалиев пен А. Сәрсековке де естелік сыйлық табыстады.

Бұл шараны ұйымдастыруда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы, Ілбішін, Битілеу, Тінәлі, Қабыл ауылдарындағы кітапханашылардың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн.

Әсерлі кеште Ілбішін мәдениет үйінің жанындағы «Нұрлыайым» әжелер ансамблі ән орындады.

Сондай-ақ Ж. Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледждің студенті Нұрай Сельбаева Үзілдік Елеубайқызының сөзіне жазылған Камел Орынбаевтың «Анам – қамқорым» әнін, облыстық, республикалық ән байқауларының лауреаты Бауыржан Рысқалиев мерейгердің сөзіне жазылған Жасталап Қуанғалиевтың «Бозторғайым – сазсырнай-үн» әнін, облыстық «Жұбан оқулары – 2023» байқауының І орын иегері Аяужан Қуанышева Жұбан Молдағалиевтың сөзіне жазылған Әбілахат Еспаевтың «Аққуым» әнін тамылжыта орындады.

Құралай Сансызбайқызы, Сәлменова Гүлзат, Төлеби Жанайым, Мұрат Ислам сынды оқырмандар ақынның жырын мәнерлеп оқыды.

Аида Асылбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале