18.07.2024, 11:30
Оқылды: 179

Тағы да таксистерге қатысты «толғау»: мәселе қалай шешілмек?

Газетіміздің өткен санында зейнеткер Қараша Мақсоттың редакция поштасына жолдаған хатын «Жолақысын бірден 25 пайызға қымбаттатқан таксистерге «қой» дейтін ешкім табылмай ма?» жарияладық. Нөмірдің шыққан күні демей-ақ қоялық, бір-екі күнде бұрыннан такси айдайтын азамат, осы салаға жауап беретін бөлім басшысы, бірнеше оқырман хабарласты.

D2B1580B-6A92-4F00-A66E-7B19064B023E

Сурет: pixabay.com

Әрине, мәселе өзекті болғасын, көпті елең еткізгені шүбәсіз. Сондықтан ешқайсысын бөліп-жармай, барлық хабарласқан жандардың уәждерін, осы салаға қатысты жаңа заң туралы ақпаратты жариялап отырмыз.

Аудан орталығында ресми тіркелген екі диспетчер бар

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбек Замеров редакция тілшісіне берген сұхбатында аудан орталығынан Оралға қатынайтын таксистердің ресми тіркелген екі тобы бар екенін айтады.

– Олар – «Төребаев» және «Баймурзиев» жеке кәсіпкерліктері. Аталмыш кәсіпкерлердің бұл салада тәжірибесі зор. Пандемия кезінде тек осы екеуіне ғана жолаушы тасымалдауға рұқсат берілді. Себебі қос кәсіпкер де қызметін заңдастырған. Олардың қол астында қазір ресми тек 7-8 адам ғана такси жүргізушісі болып тіркелген. Қалғандары, демек, заңсыз негізде кәсіппен айналысуда, - дейді ол.

Оның айтуынша, таксистер қойған бағаны негізсіз деп түсіртуге бұл бөлімге заңда қауқар берілмеген. Құзіретті орган тек маршруттық негізде жұмыс істейтін көліктердің ғана, яғни көптің аузында көлігінің маркасына қарай «Газель» атанып кеткен көліктердегі бағаны ғана реттей алады. Қазір аталмыш көліктермен облыс орталығына қатынау құны – 800 теңге. Бірақ Чапаев-Орал-Чапаев бағытында күніне екі-үш рет қана жүретін арзан газельдер 10 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығына аздық ететіні анық.

– Біз бұл салада бағаны реттей алмаймыз. Заңда мұндай құзірет берілмеген. Қолдан келетіні – тек заңсыз жүрген таксистерді әшкерелеп, оларды жазаға тарту. Алдағы уақытта көлік полициясы, салық органдарымен бірлесіп, Орал–Атырау күрежолында рейдке шығуды жоспарлап қойдық. Бұл жерде бір кілтипан бар. Осыған дейін талай тексеріске шыққанымызда, заңсыз тасымалмен айналысып жүрген таксистерді анықтау өте қиынға түсті. Кінә жолаушылардың өзінен. Ауыл болған соң, бір-бірімізді танимыз, білеміз. Таксист екенін біліп тұрмыз, бірақ көлікте отырғандар жолға ақша төлеп, таксидің қызметіне жүгінгенін жасырып қалғысы келеді. Көлікті айдап келе жатқан азамат полиция тоқтатқан бойда, олардың бәрінен «туыспыз» деп айтуын өтінеді, сол өтінішті аяқасты қылғысы келмейді жолаушылар.  Сөйтіп, таксистің таксист екенін дәлелдей алмай қаламыз көбіне.

Ал жеке кәсіпкер болып жолаушы тасымалымен айналысатындар көлікке бақылау-кассалық аппарат орнатуға тиіс, көлігін де такси белгісі ерекшелеп тұру керек әрі жол билетін міндетті түрде беру қажет, - дейді бөлім басшысы.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазіргі таңда таксиге балама көлік – тек газельдер. Олардың санының үшеу болғаны жеңіл көлікке бәсеке бола алмай тұрғаны рас. Айбек Дамирұлының сөзіне сүйенсек, қазіргі бардың қатарына осындай тағы екі көлік қосу жоспарда екен. Бұл жоспардың орындалғаны игі, себебі тұрғындарға тиімді болар еді.

Такси еріккеннің ермегі емес

– Менің тасымалмен айналысқаныма 10 жылдың жүзі болды. Еріккеннен күннің ыстық-суығында жолға шығып, жолаушы тасымалдап жүрген жоқпын. Бағаны көтеруге негіз толықтай бар. Ауыл мен облыс орталығының арасын айтасыз, аудан орталығының өзінде көше мен көшенің ортасында жүрген көліктерге жолақысы 400 теңге емес пе? - дейді есімін жасырып хабарласқан такси жүргізушісі.

– Мақаланы оқып шықтым, автор бәріне бірдей күйе жақпаймын дегенмен, таяқтың бір ұшы кәсібін адал, жауапкершілікпен атқарып жүрген біз секілді жандарға да тиеді екен. Мен такси тізгіндеген 10 жылдың ішінде бірді-екілі айыппұл арқалағаным болмаса, жол апатына түсіп, не өзім оған себепкер болып көрген емеспін. Көбі ойлайды, «таксовать» еткен жеңіл жұмыс деп. Соларға айтарым – ыстық 40 градустан асып тұрған кезде, күн боран, жауын-шашында өзіңіз тәуекел етіп, жолға шығар ма едіңіз? Ал біздің қызметіміз осы – ауа райы, жолдың жағдайына қарамастан, жолаушыны діттеген жеріне жеткізу. «Жол мұраты – жету» деп халқымыз бекерден бекер айтпаса керек. Жол асқан сақтықты талап етеді, назарың сәл ауытқып кетсе болды, апатқа ұшырауың мүмкін. Жеке басым ешкіммен жарыспаймын, рұқсат етілген жылдамдықпен жүріп отырамын. Себебі адамның амандығы қымбат. Жолаушылардың өміріне тікелей өзім жауап беретін болғасын, көлігімді әлсін-әлі тексертіп, саулығым сыр берсе, жолға шықпай сақтанып жүремін. Өзге де әріптестерімде солай деп ойлаймын.

Бағаның көтерілуіне келер болсақ, негізсіз ештеңе болмайды. Такси тізгіндегеннің үлкені де, кішісі де – бір-бір үйдің отағасы, оның табысына қарап тұтас бір отбасы отыр. Қазір қымбаттамай жатқан дүние жоқ. Көлігің жүріп тұру үшін жанармай мен қосалқы жабдықтар қажет. Бұлардың қай-қайсысының да бағасы көтеріліп жатыр. Біз де қарапайым адамбыз – табысымыз коммуналдық төлемдер, азық-түлік, киім-кешек, үйге керек-жараққа кетеді. Таксиде болып байыған адамды көрсетіңіздерші ал. Соншама табысы көл-көсір болса, 10 жылдың ішінде мен болар ем дәулеттінің бірі. Лайықты жұмыс болса, мен де қызметке күн сайын уақытымен барып, ай сайын тұрақты жалақымды алғым келеді, итіңдеп көліктің асты-үстіне шығып, май-май боп жүрмей, ыстық-суық, жауын-қарда жолға шықпай. Біздің де қызметіміз оңай емес, жолаушылар да соны бағаласа екен деймін.

«Правасыз» жүрген таксисті де көрдім...

Басынан өткен таксистерге қатысты бұл оқиғаны Қараша Мақсоттың мақаласын оқыған Альфия Шәріпова есімді тағы бір оқырманымыз айтып берді.

– Жұмыс бабына байланысты қала мен екі ортаға жиі қатынаймын. Ақпан айының боранды күндерінің бірінде Оралдағы бас кеңседегі шаруаларым түгесілгесін, ауылға қайтатын болдым. Whatsapp-та қала мен Чапай арасын жалғайтын таксистердің бірнеше тобы бар, солардың біріне жазғам, 5 минөтке жетер-жетпес уақытта жас жігіт хабарласты. Әдеттегідей базарға да барған жоқпын, кеңседен келіп алып кетті. Көлікте төрт жолаушымыз, «сапар оң болсын» деп тілеп, жолға шықтық. Онымыз сапарымыздың оң болғаны шамалы, Таудан түсе бере, МАИ қызметкерлері ала таяқтарын көтеріп, тоқтатуға белгі берді. Жүргізушіміз байқамағандай боп жүре берді, мұндайға жол тәртібінің сақшылар қалай қарап тұрсын, көлігіне мініп алып, артымыздан қуды. Неге қуып келе жатқанын түсінбей далмыз жолаушылар, жігіттер сұрасақ: «Фарам шамалы жанып тұр еді, соған тоқтатайын деп тұрған шығар» деп жауап қатты. Қош, сонымен Круглоозерный ауылының тұсында құтылмасын білген таксисіміз көлікті тоқтатты. МАИ қызметкерлері бөлек алып кетіп, толған қағаз толтырып жатыр. Сапарлас бір жолаушы аудан орталығындағы сотқа асығып келе жатқан адвокат екен, «Фара үшін соншама қағаз толтыртқаны несі?» деп шыдай алмай, жол сақшыларына қарай барды.

Сөйтсек, ешқандай да жарық емес екен тоқтатуға себеп – жүргізушіміздің көлік айдауға құқық беретін куәлігі жоқ боп шықты. Осыдан 6 ай бұрын сол куәліктен айырылған көрінеді. Таксистің көлігін сол бойда айыптұраққа алып кетіп, борандатып тұрған күні жолдың үстінде қалдық та, қойдық. Абырой болғанда, Атырауға кетіп бара жатқан газельге мініп, жеттік-ау ауылға әйтеуір.

Сонда деймін ғой, мен такси сұрап, диспетчер басшыларының өзі бар топқа жазғаным қайда? Сонда өзінің қол астындағы жүргізушілердің куәліксіз жүргенін олар білмегені ме? Соңынан естимін ғой, «правасыз» таксист тек бізге кезіккен ғана емес, тағы бірнешеуі бар секілді. Сөздің қысқасын айтқанда, қызметтің бұл саласында ешқандай тәртіп жоқ. Билік тарапынан мықты қадағалау, бағаны реттейтін пәрменді заң талаптары қажет.

Жаңа стандарт енгізілмек

Иә, ҚР «Такси тасымалдары бойынша автокөлік қызметтері» ұлттық стандарттары әзірленді. Әзірге ол ksm.kz порталында қоғамдық талқылауда тұр. «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» демекші, такси жүргізушілері қойылған талаптарды, жолаушылар өздерінің құқықтарын біле жүрсін деп, жаңа стандарттағы басты өзгерістерді атап өткенді жөн көрдік.

Мұндағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – такси қызметтеріне пайдаланылатын автокөлік құралының жылына және жүріп өткен қашықтығына талаптар қою. Мысалы, жобаның 7.1-тармағында пайдалану мерзімі 15 жылдан асатын және жүріп өткен қашықтығы 500 мың шақырымнан асатын такси-автокөлікті пайдалануға тыйым салынатыны көрсетілген. Демек, келер жылы такси жүргізушілері 2010 жылғы көліктерді пайдалана алмайды.

Сондай-ақ такси көлігінде кемінде төрт бүйірлік есік болуы керек. Сыртқы түрі де стандартталуға тиіс. Ұлттық стандарт жобасы көліктің сыртқы түріне қойылатын талаптарды да қарастырады: арнайы белгілер – мысалы, кузов бүйірлерінде қара және сары квадраттардан жасалған белдік болуы керек, сондай-ақ 500 метрге дейінгі қашықтықтан анық көрінетін және көліктің төбесіне орнатылған белгі болуға тиіс.

Әр  жүргізушінің жеке картасы автомобиль салонында жолаушылар көретіндей жерде орналастырылады, онда жүргізушінің фотосуреті мен деректері көрсетіледі. Сонымен қатар тасымалдаушының ресми атауы, мекенжайы мен телефоны, жол жүру құны көрсетілген ақпараттық табло да ілініп тұру керек. Жолаушылар таксиін есепке алу және жабдықтау талаптарының сақталуын тексеруге тоқтатқан уәкілетті атқарушы билік органдарының құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін жүргізуші таксиіне жіберуге міндетті екені атап өтілген жобаның мәтінінде.

Ұлттық стандартта қосымша жарияланған түсіндірме жазбадағы ақпаратқа сүйенсек, бұл жоба осы жылдың қараша айында бекітілмек.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале