22.07.2024, 16:15
Оқылды: 43

Киік жайлы деректі фильм жарық көрді

Киік жайлы барлық мәселені сараптаған «КИІКСТАН» деректі фильмі жарық көрді. Фильмнің авторлары бұл фильмді басынан аяғына дейін мұқият қарап шыққан адам ақбөкен жайлы, оның қазіргі мәселелері жайлы толық мәлімет алып, дұрыс түсінік қалыптастыра алатын зерттеу ұсынуды мақсат еткен. Бұл туралы Sarapshy.info жазды.

DBD76506-588A-4D1D-9609-9F4750EE0E48

Сурет: Sarapshy.info

«КИІКСТАН» – киіктердің экологиясы, тарихы және олардың қазіргі кездегі жағдайы туралы деректі фильм. Фильмде киіктердің ерекше түрі ретінде маңыздылығы, олардың Қазақстан мен басқа да елдердегі популяциясы, экологияға, экономикаға және мәдениетке әсері баяндалады. Фильм киіктерді қорғау қажеттілігіне назар аударады және осы бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын көрсетеді.

– Ақбөкенге қатысты жалған ақпарат, біржақты пікір жайылып барады. Киікке қатысы бар әр тарап өзіне ыңғайлы ақпаратты таратып әлек. Бұл мәселеге терең үңілмей, әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратқа сеніп біржақты ой қалыптастырып бара жатқан адам көбейіп бара жатқанын байқадық. Соның салдарынан соңғы уақытта киік тек зиянкес ретінде қабылдана бастағандай. Біз бұл фильмде киікке қатысты шынайы ақпаратты ешқандай манипуляциясыз, лоббисіз жариялап отырмыз. Сондықтан қоғам мен билік фильмді көру арқылы киікке қатысты проблеманың шынайы масштабын бағалай алады. Фильмді бастан-аяқ көрген адам киік проблемасы жайлы толыққанды түсінік қалыптастыратындай көлемді болып шықты. Иә, ұзақ. Деректі фильмнің хронометражы – 2 сағат. Алайда фильмнің әр сөйлемінде мәселеге қатысты маңызды ақпарат қалғанша қысқарттық. Сондықтан мұндағы әр сөйлеушінің, әр тараптың айтары бар. Киік мәселесін толық зерттеп, оны шешу жолдарын қоғам мен билікке ешқандай манипуляциясыз ұсына алдық деп ойлаймыз. Сол себепті киіктен қандай да бір пайда көргісі келетін кейбір топтарға ұнамайтын тұстары көп болуы мүмкін. Шындық қашанда ащы, – дейді деректі фильмнің авторы әрі режиссері, журналист Нұрлыбек Рахманов.

Фильм авторлары мәселені зерттеу, ақпарат жинау кезінде мыңдаған шақырым жол жүріп киік жүрген жердің бәрін аралап, жүздеген адаммен кездескен. Шетелдік және отандық ғалымдармен, сарапшылармен, киікке қатысы бар сала мамандарымен, экологтармен, кәсіпқой аңшылармен, киікке қатысты сотталғандардың отбасы мүшелерімен, заңгерлермен, киік туғызған проблемалармен бетпе-бет жолыққан тараппен, киікті азайту мен оны қорғауды жақтаушылармен одан өнім алғысы келіп жүрген тараппен сұқбаттасты.

– Фильмде бастан-аяқ эксклюзив кадрлар көрсетіледі. Бұрын ешқашан қоғам алдына шықпаған киікке қатысы бар тұлғалар сөйлеп, ешқашан айтылмаған деректерді жариялайды. Сондықтан деректі фильм ақбөкенге қатысты барлық алып-қашпа әңгімелерге нүкте қояды деп үміттенеміз, – дейді фильмнің екінші режиссері Азамат Хамза.

«КИІКСТАН» деректі фильмінде бұған дейін қоғамда айтылмай, билікке жетпей келген ньюанстарды толық көрсететін ауқымды журналистік зерттеу жасалған. Сондай-ақ көрерменге киіктерді сақтау және қорғау мәселелерінің өзектілігін түсінуге көмектеседі. Он төрт бөлімнен құралған бұл деректі фильм бірнеше жылдан бері киік мәселесінің шешімін іздеп жатқан Үкіметке кешенді анализ десе де болады.

Нұртай Алтайұлы

sarapshy.info

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале