22.07.2024, 18:25
Оқылды: 437

Оралда 56 отбасыға пәтер кілті табысталды

Оралдық Жылқышы Көпжасаровтың Телеценр аумағындағы саяжайдағы үйін сәуірдің 19-ы күні су басты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ағамыз туған-туыстары мен жергілікті атқарушы биліктің қолдауының арқасында қауіпсіз жерге көшіріліп, Жаһанша Досмұхамедов атындағы педогогикалық колледждің жатақханасына қоныстанады.

953DAF35-0B63-4ADB-8DB8-CBA7587A0E6E

– Апат айтып келмейді. Суға кетеміз деген ойымызда да болған емес. Десе де қиын жағдайға тап болдық. Көп жылдан бері болмаған тасқын бізді ғана емес, жарты Қазақстанды қиын жағдайға қалдырды. Билік өкілдері қолға алған уақтылы шаралардың арқасында далада қалмадық, - дейді Жылқышы ағамыз.

Бүгін Жылқышы Көпжасаровтан бөлек тағы 55 отбасы жаңа пәтерге ие болды.

Облыс орталығындағы Әбілхайыр хан даңғылында салынған «Азимут» тұрғын үй кешенінен берілген пәтер кіліттерін табыстау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен «Астана Моторс» компаниясының басқарушы директоры Мәди Өтешев қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде көрінді. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын» деген болатын.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген дана халқымыз. Берекені көздеген ел, мерекелі тірлік жасаудан жалықпады. Халқымыздың бірлігі еліміздің сын сағатында, көрінді. Тосыннан табиғи апатты бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығарып жеңе алдық. Су тасқынымен күресуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен автокөліктер мен азаматтар өз еріктерімен келді. Сондай-ақ өңіріміздің ерікті азаматтары да аянбай үлес қосты. Еселі еңбек, туған жерге деген жанашырлық пен бірліктің арқасында 84 елді-мекен су тасқынынан аман қалды. Бүгін жалғыз баспанасынан айырылған тағы 56 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Баршаңызды осы бір қуаныштарыңызбен құттықтаймын, - деді Бақытжан Нарымбетов.

B332FF79-F69B-47BD-A6BE-878CC690CF2B

Одан соң «Астана Моторс» компаниясының басқарушы директоры Мәди Өтешев сөз алып, жаңа үй иелеріне ақ тілегін білдірді.

– «Астана Моторс» компаниясы мен Нұрлан Смағұловтың қоры тасқыннан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына үй алуға жәрдем көрсетуді шешті. Осындай тамаша сәттің куәгері болғаныма қуаныштымын. Жаңа үй іші шаттық пен берекеге толсын, - деді Мәди Өтешев.

Кілт табыстау шарасынан соң қонақтар Сәпен Есенбекова мен Надежда Қайдашеваның шаңырағына барып, қоныстоймен құттықтады.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале