24.07.2024, 10:45
Оқылды: 304

«Алаяқтар жас талғамайды, адам аямайды»: Теректіде алаяқтық бойынша қанша факті тіркелген?

Өзекті

Бұрын базарға шыққанда ғана ұры-қарадан сақтану үшін әмиянымызды сөмкеміздің түбіне салып, бағалы заттарымызға мұқият болушы едік. Екі мыңыншы жылдардан қазіргі уақытқа дейін «алаяқ» ұғымын солай түсіндік. Адам қарасы көп орындарға барған кезде немесе бөгде кісіге жолыққан сәтте сан соғып, алданып қалмаудың жолдарын үйреткен үлкендердің ақыл-кеңестерін санаға тоқып өскен соң біздің түсініктегі алаяқтар айласын асыра алмайтын. Ал қазір... Тіпті қорқынышты.

143D4B1E-0ECA-4448-A4BF-77FE10D50CAF

Сурет: pixabay.com

Қанша жерден алтындарыңызды буып-түйсеңіздер де олардың қармағына іліну оп-оңай. Заман дамыған сайын жаңа технологияның түр-түрін қолданғандарға үйде отырып-ақ жем боласыз. Бір кездердегідей базарға бармай-ақ, таныс еместермен әңгімелеспей-ақ ойламаған жерден опынып қаласыз. Бұл туралы полиция қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қағып, ескертіп жатыр. Бірақ зымияндарды құрықтау оңайға соқпай тұр. Қанша тырысып бақсақ та, бақыр тиынымызды қайтара алмаймыз. Өзге елде яки қалада отырып, шотымыздағы ақшаны қағып алатындар отандастарымызды  зар қақсатуда. Жас та, кәрі де бір мезетте барын беріп, байлаулы күйге түседі. Кейін қанша Заңға жүгінсе де, арыз жазса да кеш. Өйткені интернет алаяқтары құрбанын соған итермелейді. Пәтер, көлік тағы да басқа құнды дүниелер ұтып алдыңыз деп сендіреді де нөмірге код жіберетіндерін айтады. Ал біз, қарапайым халық аңғал көңілмен кодты айтып, қор боламыз. Ары қарай өз аузыңмен айтқан 4 саннан тұратын құпиясөз мәңгілік бес батпан жүгіңе айналады. Технологияны шемешкідей шағатындарға «бұл әншейін сән ғана». Осылайша цифрлы даму жаһандануға жол ашқанымен, сол арқылы арам ниеттілер қылмыс әлеміне сапар шекті. Жас талғамайтын, адам аямайтын алаяқтар ғаламторға жіпсіз байланған жұртшылықты өзіне маңызды мәселелермен баурап алады. Мысалы үй-күйсіз жүргендерді, әлемжеліден пәтер парақшаларын жиі бақылайтындарды зерттеп, арманы арқылы қызықтырады. Алыстан арбалағанша, басымыздан өткен жағдаймен бөлісейін. Күні кеше анама қоңырау шалған олар өздерін Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекші маманы ретінде таныстырды. Мен туралы бар мәліметті жеткізіп, «ұлыңыз кезек бойынша Атырау қаласынан су жаңа екі бөлмелі пәтер алады» деп, қуантып қойды. Кейін 3 күн ішінде жинап беруге тиісті құжаттарды жіберіп, қалаға келуді сұрады. Арада бір сағат өткен соң әлгі «жетекші маман» қайта хабарласып, анамның шотына бұғат қойылғанын айтты. Сот орындаушысы деп, сыбайласының нөмірін жіберіп, келісіп көруге болады деген сыңай танытты. Обалы не керек, екі жақтан тырысып, 750 мың теңге төлеуді ұсынды. Кешке дейін төлесек қана шот ашылып, үйге қол жеткіземіз екен-мыс. Мұндай сомма болмаған біз ағайын-туыстан сұрап кеттік. Үздіксіз қоңырау шала берген олар асықтырады келіп. Кенет бір гәптің барын сезіп, құжат тізімін қайта қарап шықтым. Білмеймін, қатты қуанып қойдым ба, ең бірінші оқығанда көрмеген әріп қателерін, басты алаяқтың сауатсыздығын байқап, өзім сөйлесуді ұйғардым. Себебі анамның мазасын алған ол жүйкесіне тиіп, қан қысымын көтеріп жіберді.

«Қазір төлем жасамасаңыз, балаңыз пәтерден құр қалады. Сіздің кесіріңіз ұлыңызға тигенін қалайсыз ба?» деген сөздерін қарша боратып жатты. Ал мен бұл мәселені әуелден ойлап, мақала жазу туралы толғанып жүрген едім. Күдіктімен сөйлескен сәтте өзіне кері тойтарыс беріп, «алаяқ болмасаңыз, ресми жұмыс нөмірінен қоңырау шалыңыз да, құжаттар жинау тәртібін Заң жүзінде жіберіңіз» дедім. Айқайлағаны құлақ тұндырды. Бірден алаяқ екеніне көз жеткізіп, анамды сабырға шақырдым. Ұлымен бопсалап, жанды жерге тигендердің құйтұрқы әрекеті бізді иландырмағанымен қаншама қазақ отбасы зардап шекті. Әлденеге сенгіш қазаққа жалғыз жол бар. Бөтен нөмірлер мен күдік тудыратын хабарламаларға жауап бермеу, онлайн ойындардан, несие алудан бас тарту – алаяқтардың арбауына түспеудің жалғыз амалы. Теректі жұрты экранның арғы жағында іш-бауырға кіріп, қалтаны қағатындарға қалай төтеп береді? Аудандағы ахуал қандай? Бұл сұрақтарға Теректі аудандық полиция бөлімінің кіші сержанты Данара Давлетова жауап берді.

A7971B49-9465-414A-88B8-68F74CF77321

– Бүгінгі таңда Теректі ауданының полиция бөлімінде интернет алаяқтықтың 7 фактісі тіркелді. Бір өкініштісі олар бірнеше миллион теңгені алаяқтардың қоржынына салып берді. Полиция қызметкерлері былтырдан бастап интернет алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Теректі ауданының барлық ұйым, мекеме қызметкерлері нақты ақпараттарға қанықты. Сондай-ақ портал арқылы онлайн несие алудан саналы түрде бас тартқандар да болды. Ескерту жұмыстарын жүргізу барысында 4072 азаматтың 1632-сінің есепшоты «eGov.kz» порталы арқылы бұғатталды. Зейнеткерлер мен зейнеткерлік жасқа дейінгі қарттар арасында интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар да күн тәртібінен түспейді,- Данара Төлегенқызы.

Теректі ауданың Ақжайық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ренат Рахимов алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын ауысып жатқандығын ескертіп, абай болу керегін айтты. Ренат Рафаэльұлының баяндауынша, соңғы уақытта олар өздерін банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ретінде таныстырып, TeamViewer немесе AnyDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды жазып алуға кеңес береді.

A17A827C-29BF-48BF-86A4-6BC1B7E75734

– Қылмыскердің «жанашырлығына» сеніп, қалай жүктеп алғандарын сезбей қалатын жәбірленуші бұл арқылы алаяқтың өз құрылғысына қашықтан кіруіне жол береді. Ұялы телефондағы банк қосымшасына оңайлықпен кіріп, шоттағы қаржыны басқарады. Тіпті маңдай термен жинаған депозиттегі ақшаны қиналмастан шешіп алады. Ең сорақысы – кез келген банкке онлайн өтініш қалдырып, ойына келген сомада несие рәсімдей алады. Ақша түскеннен соң өздеріне аударып алу түк қиын емес. Сондықтан абай болайық, - дейді ғаламтордағы тойымсыздардың шығарған тағы бір тәсілін тәптіштеп түсіндірген полиция майоры.

Айласына құрық бойламайтындарға көбіне мұғалімдер мен дәрігерлер алданады екен. Оны Ренат Рахимов тарқатып, үзілмейтін қауіпсіздік жұмыстары хақында жеткізді.

– Ауыл тұрғындарына «eGov.kz» порталының көмегімен несие алудан бас тартуды наисхаттап келеміз. Өз еріктерімен бас тартса, алаяқтарға төтеп беру оңай. Электрондық цифрлық қолтаңба ашып, порталға кіру арқылы қорғанудың жолын айтудан жалықпағанымызбен, дәрігерлер мен мұғалімдер несие алу мүмкіндігін жабады да, әртүрлі науқан, 24 айға бөліп төлеу кезінде қайтадан ашып алады. Дәл қазіргі кезеңде де арыз-шағым солардан түседі, - деді өз сөзінде.

Зейнеткерлерді алдау оңай ма, әйтеуір алаяқтардың басым бөлігі зейнет жасындағы қарттарға хабарласуды шығарыпты. Жақында Шағатай ауылының тұрғынына «сим картасының» мерзімі өткенін хабарлап, кодты айтуын сұраған. Содан соң берген мәліметіне мүлдем қатысы жоқ әрекетке итермелеген. Яғни мәселені шешу үшін банкке бару керектігін айтып, болмаса, «сим картаның» істен шығатыны туралы жеткізген. Алаяқтардың қабыспайтын сөзінен соң есін жиып алған шағатайлық зейнеткер бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгініп, жағдайдың алдын алған. Қысқасы, олардан қулық артылмайды. Қазір кез келген қоңыраудан күдіктеніп, аса сақтықпен қараған дұрыс.

08984196-67D3-4AAE-BE77-1689FB5433D7

Тобықтай түйін: Алаяқтардың жемтігі болмас үшін дербес деректер мен карта реквизиттерін жан баласына айтпау қажет. Одан бөлек аударымдар туралы түбіртек пен құпиясөздерді өзіңізде ғана сақтаған дұрыс. Минут сайын көзді алдап, елітіп кететін күмәнді ақпараттарға сенбеуге, тексерілмеген тауар үшін алдын ала төлем жасамауға шақырамыз.

Ашық кіріс көзі жоқ қаржылық сызбаларға жапа-тармағай ұмтылмастан бұрын, зерделеп алу баршамызды дендеп бара жатқан алаяқтардың жолын бөгейді. Бұйдасын ұстатқан бұзау болмай, бақыттан бас айналып, ақырында қор болмай өмір сүру үшін үлкен жетістіктің оңайлықпен келмейтінін ұғынсақ, шіркін!

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале