2.10.2016, 15:20
Оқылды: 134

Жəнібекте қайраткердің мүсіні ашылды

screenshot_2016-10-02-15-25-48-1Ақ Жайық өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдық мерейтойы барысында аудан орталығындағы Жәнібек колледжінің алдында қайраткердің мүсіні ашылды.


 

screenshot_2016-10-02-15-26-01-1Салтанатты жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, М.Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова. Қазақстан Республикасы Сенаты және Парламенті депутаттары Бірғаным Әйтімова, Гүлжан Қарағұсова, Рашит Ахметов, Шафхат Өтемісов және елімізге танымал адамдар мен жерлестері қатысты. Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов шараның маңызына тоқталып, жылы лебізін арнады.
-Құрметті жұртшылық! Бүгін тарихи күні бас қосып тұрмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара басшылығы арқасында Қазақстан барша әлемге танымал. Тұрақтылықтың нәтижесінде еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде облысымыздың өзінде 59 мектеп, 40-қа жуық балабақша ашылып, жолдар салынды. Жәнібек ауданында жол салынып жатыр, оған жұртшылық куә.

screenshot_2016-10-02-15-26-13-1Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың торқалы мерейтойы осы Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ елінің тарихында жұртшылық асылдарын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген. Ел мүддесі үшін тыным таппай еңбек етіп, мақсатқа жету жолында бойындағы бар күш-қайратын жұмсаған азаматтарды ел-жұрты ұмытпай, мәңгілік есінде сақтайды. Міне, артына өшпес із қалдырған тұлғаның бірегейлерінің бірі Мұстақым Біләлұлы Ықсанов саналатыны хақ. Осыдан тоқсан жыл бұрын Жәнібек ауданында өмірге келген Мұстақым Ықсанов барлық саналы ғұмырын халықтың игілігіне жұмсап, елінің жарқын келешегіне арнады. Ол өзінің өнегелі өмірімен, өрнекті тіршілігімен, қажырлы қайратымен, ұлтжанды мінезімен ел жадында мәңгілік қалған тұлға. Мұстақым Біләлұлы біздің облыстың өсіп-өркендеуіне, жаңаша дамуына, облыс жұртшылығының берекелі де бақуатты өмір сүруіне айрықша еңбек сіңірді. Жайық өңірінің ырыс-берекесінің артып, молшылығының тасуына тікелей ықпал жасады. Бүгін, міне, соңына өшпес із қалдырған абзал азамат Мұстақым Біләлұлының есімін ұлықтау үшін аудан орталығындағы Жәнібек колледжін Мұстақым Ықсановтың атымен атап, мүсінін ашып отырмыз. Мұның өзі ел өзінің азаматының қадірін, оның елге сіңірген еңбегінің бағасын білгендігінің белгісі,- дей келе, облыс басшысы жиналған қауымды бюсттің ашылуымен шын жүректен құттықтады.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев сөз сөйлеп, Мұстақым Біләлұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Өңір басшысы Алтай Көлгінов пен қайраткердің қызы Гүлнәр Ықсанова ұлттың ұлы тұлғасының мүсінін салтанатты түрде ашқан соң гүл шоқтары қойылды. Жиналғандар бұдан әрі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі берілген колледж ғимаратына еніп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұстақым Біләлұлына арналған көрмені тамашалап, қайраткердің атындағы сыныпты аралап шықты.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале