Ауыл – ұлттың алтын бесігі. Елді мекендердің еңсесін көтеріп, шекаралық ауылдардың тынысын кеңейту, халық санын арттыру бүгінгі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы өңір тұрғындарының қызығушылығын тудырып, нақты нәтижесін көрсетуде.
Бұл бастама ауылдардың демографиялық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға және оқушы саны азайып бара жатқан білім беру ұйымдарын сақтап қалуға бағытталған. Казталов ауданында жобаны іске асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, қоныс аударушыларды тұрғын үймен және жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы игі бастаманың тағы бір жарқын көрінісі Сарықұдық ауылында өтті. Мұнда «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Қарасу, Сарықұдық және Оразғали ауылдарына қоныс аударған 4 отбасыларға, 2 пәтерлі 8 тұрғын үйлердің кілті салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, Батыс Қазақстан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев және облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов қатысты.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, ауылдың болашағы еңбекқор адамдармен, жас отбасылармен тығыз байланысты. Сондықтан қоныс аударушыларды қолдау, оларды баспанамен және жұмыспен қамтамасыз ету аудан үшін маңызды міндеттердің бірі.

— Сіздер тек жаңа баспанаға ие болып қана қойған жоқсыздар. Сіздер ауданымыздың үлкен отбасының мүшесіне айналдыңыздар. Еңбекқорлықтарыңызбен, білімдеріңізбен, тәжірибелеріңізбен туған өлкеміздің дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін. Бүгін табысталатын үй кілті жаңа өмірдің, жаңа мүмкіндіктердің және жарқын болашақтың символы деп білемін. Баршаңызға жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қоныстарыңыз құтты, керегелеріңіз кең, шаңырақтарыңыз биік болсын!, — деді аудан әкімі.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева бұл жобаның шекаралық ауылдардың дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтіп, өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Жаңа қоныс иелері де қуаныштарымен бөлісіп, мемлекет тарапынан жасалған қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Олар ауылда еңбек етіп, балаларын тәрбиелеп, туған өлкенің дамуына өз үлестерін қосуға ниетті екендіктерін айтты.

– Бүгін «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында Сарықұдық ауылына қоныс аударып, жаңа баспананың кілтіне ие болып отырмыз. Жолдасым екеуміз төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасымыз. Бұл біздің жанұямыз үшін үлкен қуаныш әрі жаңа өмірдің бастауы. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан осы игі бағдарламаға бастамашы болған Батыс Қазақстан облысының әкіміне, сондай-ақ бізге қолдау көрсетіп, қоныс аударуымызға жан-жақты жағдай жасаған аудан басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында ауылға келіп, еңбек етіп, балаларымыздың болашағын ауылмен байланыстыруға мүмкіндік алып отырмыз, — деді аудан әкімі.
Бағдарлама жүзеге асырылған үш жылдың ішінде 15 ауылға 54 отбасы, барлығы, 287 адам қоныс аударды. Барлық отбасы баспанамен қамтылып, еңбекке қабілетті мүшелері тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуде. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарының қолдауымен әрбір отбасына бір бұзаулы сиыр мен он бас қой-ешкі беру жоспарланған. Алдағы уақытта да ауылдарымызға көшіп келуші отбасылар бойынша жұмыстар жалғасады.

Ауылдың ажарын ашып, тіршілігін жандандыратын мұндай жобалардың берері мол. «Қаладан – ауылға» бағдарламасы баспана берумен ғана шектелмей, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, елді мекендердің ертеңіне сенім ұялататын маңызды бастамаға айналып отыр. Бүгін қоныс кілтін алған отбасылар үшін бұл жаңа өмірдің де бастауы.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы