23.07.2024, 17:52
Оқылды: 131

Бәйтеректе Ержан Максимнің жеке ән кеші өтті

Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылындағы мәдениет үйінде «Туған өлкем» атауымен «Dolphin Fest», «Голос.Дети» фестивальдерінің жеңімпазы Ержан Максимнің жеке ән кеші өтті.

F1FC73DD-0437-41E6-AEAE-CE569405603F

Концертке жиналған қауымның қатары көп болды. Концерттің ашылуы Ержанға арналған видеороликтен басталып, өзі сахнаға шыққаннан кейін халықты жанды дауысымен тәнті етумен жалғасын тапты.

Аудан әкімінің және тұрғындардың  ризашылығын білдіре отырып аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев сөз алды.

– Ауданымызға қош келдің, Ержан Максим! Біздің сахнамызда бірінші рет емессің. Cені сүйіп тыңдар халқың асыға күткен жұртың бар. Қазақта «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болады» демекші сен сияқты еліміздің атын бүкіл әлемге танытып жүрген өнерпазымызды біз әрқашан қолдауға дайынбыз. Бүгін сенің өнеріңді бағалап халқың қошеметке бөлейді. Өзіңдей ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымыз шексіз. Денің сау болып, биік белестерден көріне бер, еңбегіңнің жемісін көріп, абыройлы бол, - деп тілегін білдіріп алғысхат пен ықылас гүлін табыстады.

Концерттік бағдарлама 2 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады»  әнінен сыр шертсе, екінші бөлімде өзінің туындыларымен халықты сүйсіндірді.

Сондай-ақ Маска шоуында орындаған Ninety one-нің «Айыптама» әнімен жастардың көңілін көтеріп, «Қылықтым», «Айналайын», «Таң сыры», «Гүлдәурен» әндерін шырқады.

Сонымен қатар ауыл тұрғыны Салима Сақпұсынова сахнаға шығып ризашылығын білдіріп, Ержан Максимге арнаған өлеңін оқып берді.

– Кеш жоғары деңгейде өтті. Концертке келін-немерелеріммен бірге келдім. Қыста берген концертіне бара алмап едім. Бүгін келіп көңілім көтеріліп қалды. Жанды дауыста өлеңдерді тыңдап бойым сергіп қалды. Ескі әндерді орындағанда жастық шағым есіме түсіп, көзіме жас келді. Өнерпаз баламыздың бағы ашылып, еңбегінің жемісін көрсін,  - дейді ауыл тұрғыны Құттыгүл Ғабдушева.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале