Сағынғали Сейітов атындағы кітапханада «Дария ғұмыр» атауымен өткен шарада ҚР Тәуелсіздігініне 25 жыл мерекелік медалінің иегері, ҚР үздік медиаторы, ардагер ұстаз, «Құрақ көрпе», «Жаңғырық» кітаптарының авторы Құрман Бисеғалиевпен оқырмандар жүздесіп, сырлы сұхбаттың куәсі болды.
Кеш қонағы ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойын ұстаз, қаламгер, қарапайым азамат тұрғысында сабақтады.
Алдымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиев кітапхананың тұрақты оқырманы Құрман Жанұзақұлын қошеметтеп, ауданымыздың рухани мұрасына қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.
Құрман Бисеғалиев аудан жұртшылығына ұстаз, медиатор, батагөй ақсақал ретінде танымал. Әрі әлеуметтік желіде де өз оқырманын тапқан жан.
Соңғы жылдары ол өмірден түйген ой-пайымын, өнегелі әңгімелерін, ауыл-елге еңбегі сіңген азаматтар туралы жылы естеліктерін қағаз бетіне түсіріп, алдымен «Құрақ көрпе» кітабы, жуырда «Жаңғырық» кітабы етіп жарыққа шығарды.
Кітаптағы әр әңгімеден қарапайым ауылдың қоңыр тірлігі, ауылдастардың ықыласқа толы мінез-қалпы, салт-дәстүрімізді бек сақтаған жандардың өнегесімен танысуға болады.
Оқырмандарын тапқан бұл кітаптар кездесу барысында таныстырылды.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған кеш мейманы жүргізушімен сұхбатында адамгершілік, адалдық, ұрпақ сабақтастығы, қаламгерлік, ауыл-елдің берекесі жөнінде емен-жарқын әңгімелеп берді.
Оқырмандардың да қойған сұрақтары Қ.Бисеғалиевтің азаматтық тұлғасын анық тани білуге себеп болғаны анық.
Кездесу соңында Қ.Жанұзақұлының кітаптары, фотосуреттері, марапат, газеттердегі мақалалары қойылған «Өмір өрнектері» атты көрме таныстырылды.
Айжан Ақыл
Ақжайық ауданы