26.07.2024, 17:30
Оқылды: 10

Ақжайықта бір көшенің тұрғындары сенбілікке шықты

Ақжайық ауданы орталығындағы Қазақстан көшесінің тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаппай сенбілікке шықты. Оларды біреу мәжбүрледі екен десеңіз, оңбай қателесесіз.

69F677F1-3627-4E49-8050-C3C6A91AF5C1

Көшенің тазалығын сақтау, сол арқылы шағын Отаны ауылының көріктенуіне үлес қосу – осы азаматтардың өз бастамасы.

Көп жұмылса, күш емес пе?! Олар қолдарына кетпен, күрек, тырмасын алып, арықтың бойы, жолдың жанында өскен арамшөптерді жұлып, әп сәтте артық қалдық-қоқыстан тазалап шықты. Игі істен балалар да қалмапты, ата-аналарына көмектесіп, шөпті жинап, шауып жүр.

– Қазір елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Керемет емес пе?! Акцияның мерзімі шектеулі болғанымен, әр тұрғын, еліміздің әр азаматы үшін тазалық мәселесі мәңгі болуға тиісті. Себебі осы ауылда, осы аймақта, осы елде тұратын өзге адамдар емес, өзіміз! Осы көшенің бойында балаларымыз ойнайды, оларға бала жастан тазалықты сақтау, тұрған мекеніңді қадірлеуді өз ісімізбен көрсетуіміз керек. Сондықтан ауылдың тазалығы, оның гүлденуі басқа емес, өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін қажет, – дейді Қазақстан көшесінің тұрғыны Дина Бекмағанбетова.

Айта кетелік, бұл көше тұрғындарының ауызбіршілігі аса ерекше. Жаңа жыл, Наурыз, көрісу күні мерекелерінде көше жастары үлкендеріне арнап, кең дастарқан жайып, құрмет көрсетсе, маңызды сайлауларда бір уақытқа бәрі бірге жиналып, бірі қалыс қалмай дауыс беріп жүргенін де газет беттерінде хабарлағанбыз.

Қазақстан көшесі «Таза Қазақстанға» өз үлесін қосып бастады, игі эстафетаны қай көше, қай ауыл іліп әкетер екен?!

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале