Жуырда әлеуметтік желілерде Казталов ауданының орталығында қой-ешкілердің қырылып қалғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Осы жарияланымға қатысты жергілікті құзырлы мекеменің пікірін білдік.
Сурет: pixabay.com
– Шілденің 24 күні сағат таңғы 06.00 шамасында жаңбыр жауып, күн күрт суытқан. Қойшы түскі уақытта жайылымдағы қойларды ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына айдап апарады. Жауыннан тоңып, әлсіреген ұсақ малды сол жерге тастап кетеді. Жиырма бесінші шілдеге қараған түні 24 қой мен 14 ешкі өлген. Мал өлекселерін ветеринарлық станса мамандары жинап, мал моласына апарды. Аса қауіпті аурулардың бар-жағын анықтау үшін өлген екі бас қой мен бір ешкіден патологиялық материалдар алды. Қазір ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасында сараптамадан өтуде. Оның нәтижесі 10 жұмыс күнінен кейін шығады. Біз осы патологиялық сынамалардың зерттеу нәтижесін күтіп отырмыз. Соның қорытындысы бойынша шаралар алынады, – деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы биологиялық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Руслан Қайырлиев.
Қазір ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы осы жайтқа қатысты тексеру жүргізуде.
Айна Имашева
zhaikpress.kz