30.07.2024, 16:30
Оқылды: 13

Казталов ауданында электр желілері 80%-ға ескірген

Шілденің 23-і күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов биыл І жартыжылдық бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

DA548604-1AE0-4F37-AB5E-8C4C94EF5588

Сурет: pixabay.com

Аталған баспасөз мә­лімдемесінде аудан көлемінде атқарылып жатқан негізгі жұмыстар мен мәселелер айтылды. Солардың бірі – тұрғын үй. Қазіргі кезде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 489 адам тұр екен. Жыл басынан бері кезектегі азаматтарға 24 баспана және медициналық қызметкерлерге 6 қызметтік үй берілген. Сонымен қатар биыл, яғни 2024 жылы ауданда халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 28 ауылда 116 тұрғын үйдің құрылыстары қызу жүруде.

Онымен қоса әр округте үй құрылысының сапасын қадағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылып, құрылыс материалдарының сапасын тексеруде.

Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңына де­йін кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың біразына баспана берілмек. Сонымен қатар ол бүгінде аудан бойынша ең өзекті мәселе – жарықтың жиі сөнуі еке­нін, электр желілері 80 пайызға ескіріп тұрғанын жеткізді.

– Биыл Ақпәтер ауылында 133,7 млн теңгеге электр желілерінің құрылысы жүргізілді. Атап айтсам, 12,6 шақырым электр желісі, 357 бағана, 5 трансформатор және 158 прожектор қойылды. Электр желілерін жаңғырту мақсатындағы тапсырма-міндеттерді орындау үшін өңір басшысының қолдауымен ауданға 2 электротехникалық лаборатория көлігі берілді. Сондай-ақ аудандағы барлық  елді мекен газбен толықтай қамтылып отыр. Былтыр жалпы құны 398,1 млн теңгені құрайтын екі жоба қолға алынып, биыл 6 елді мекенде 21 әлеуметтік нысанға толығымен газ өткізу жұмыстары аяқталды, – деді Асланбек  Ахметоллаұлы.

Аудан әкімі ауыз суға қатысты орындалған міндеттер мен жоба-жоспарларды тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде аудандағы 29 416 тұрғыны бар 47 елді мекеннің 27-сі, яғни 53 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Былтыр жыл соңы мен биыл жылдың басында Жас, Аққурай, Оразғали секілді 3 елді мекенге облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, блок-модульді кешендер орнатылған.

Сонымен қатар суды реттеу және деңгейін ұстап тұру үшін Қараөзен өзенінен су қоймасын салу жобасы жасақталыпты. А. Сарқұловтың сөзінше, аутокөлік жолдарына қатысты бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Биыл аудандық маңызы бар Беспішен-Қошанкөл-Қараоба аутокөлік жолының 15-49 шақырым учаскесіне күр­делі жөндеу және Талдыапан, Болашақ, Жаңатаң ауылдарының кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жүргізілуде. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында Бостандық ауылында 3,1 шақырым және Қараоба ауылының 2,9 шақырым ауылішілік жолдары қайта жаңартылуда. Қазіргі уақытта  жаяу жүргінші жолдары асфальтталып, көше жолдары дайындалып жатыр.

Аудан әкімі Асланбек Сар­құлов бұдан бөлек мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салалары мен жұмыспен қамту, жастар саясаты жөнінде де маңызды жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ «Ауыл аманаты», «Қаладан ауылға» секілді жоба-бағдарламалар аясындағы шараларға, өзгерістерге кеңінен тоқталды.

– Ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуында оң көрсеткіштер бар. Алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табады, – деп қорытындылады аудан әкімі.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале