«Ақжайық» футбол клубының қазіргі жағдайы көпті алаңдатып отырғаны мәлім. Десе де жанкүйерлер команданы, ойыншыларды қолдауын тоқтатпауда.
Әсіресе, жас жанкүйерлер клубқа деген махаббатын көрсетуде. Әр матч сайын стадионға келіп, сүйікті командасын жанұшыра қолдайтын балақайлар саны көп. Тіпті ойыннан соң тарап кетпей футболшыларды күтіп алып, естелік суретке түсіп жатады.
Сүйікті ойыншыларымен түскен суреттерін әлеуметтік желіге салып, соңына дейін командамен бірге екенін көрсеткен жанкүйерлерге футболшылар да разы.
Жуырда Дінмұхамед Ерген атты жас жанкүйер «Ақжайық» командасының капитаны Бауыржан Омаровтың суретін салып, туындысын клубқа алып келді. Жай қарындашпен салынған сурет капитанға жетті.
Талантты жанкүйерінің өнеріне разы болған Бауыржан жуырда Димашпен кездесіп, рахметін айтты.
– Жанкүйер қолдауы бізге жігер береді. Матч барысында да желі де қолдауын білдіріп жатқан жандарға команда және өз атымнан алғыс айтамын. Дінмұхамед салған сурет ұнады. Бұл маған көрсеткен құрмет қана емес, артылған жүк. Шын ниетпен қолдауын көрсеткен, жеңісте де жеңілген кезде де қошеметін аямаған тілектестеріміздің үмітін ақтауға барымызды салатын боламыз, - деді Бауыржан Омаров.
Сүйікті ойыншысымен көріскен Димаш та қуанышын жасыра алмады. Футболшымен суретке түсіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Жас суретшінің анасы Гүлдария ханымның айтуынша, Димаш атақты футболшылардың бейнесін қағазға түсіргенді ұнатады екен. Оның қолынан шыққан ФФранк Райкард, Роберто Карлос, Неймар, Роналдиньоның суреттерінің қасына Орал футболының таланты Бауыржан Омаров қосылды.
Арал Болпышұлы
zhaikpress.kz