Ауылдағылардың табыс көзі – мал шаруашылығы. Бүгінгідей қай салада болмасын, өнімнің саны емес, сапасына талап қойылатын бәсекелестік кезеңінде шаруалардың иелегіндегі төрт түлікті асылдандыруға ден қойылғаны белгілі.
Біздің Ақжайық ауданының да сала еңбеккерлері уақ жандық, ірі қара, жылқы малын селекцияландыру жұмысын соңғы жылдары біраз ілгерілетті.
Айталық, ауданда осыдан 10 жыл бұрын асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын өсіретін бес шаруашылық болса, 2024 жылдың 1 шілдесіне олардың саны 154-ке жетіп, 31 есе өсіпті. Керемет көрсеткіш емес пе?!
Тарқатып айтар болсақ, 139 шаруа иесі қазақтың ақбас тұқымын көбейтуге бағыт алса, алты иелік абердин ангус өсіретін асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алған.
Сонымен қатар тоғыз иеліктің қырында герефорд тұқымды ірі қаралар жайылып жүр. Үш шаруашылық етті-сүтті бағыттағы Көшім жылқысын көбейтсе, тағы үшеуі қазақтың жабысын, біреуі Мұғалжар тұқымын өсіріп, табыс тауып отыр.
Асыл тұқымды қой шаруашылығы да алғашқы екеуінен артта қалып жатқан жоқ.
Шопан атаның асылын көбейтуге бағыт алған шаруашылықтардың 17-сі Еділбай, үшеуі Ақжайық етті жүнді тұқымын өсіріп жатыр.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы