Шыңғырлау ауданы орталығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын насихаттау мақсатында арқан тартыс және асық атудан аудан біріншілігі өтті.
Ауыл тұрғындары арасында ұйымдастырылған ұлттық ойындарға қатысушылардың саны көп болды. Бұл ұлттық спортқа деген қызығушылардың қатары толысып келе жатқанын көрсетеді. Жігіттер алаң ортасында бақ сынаса, әйелдер қауымы бес асық ойынын үйреніп жатты. Үлкендер арасында кішкентай балалар да ойынға қатысып жүр.
Ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов сөз сөйлеп, бұл ойындардың ұлттың рухын көтеруде маңызы зор екенін атап өтті.
Қазақтың ұлттық ойындары ойналып, көрермен қызыға, тамсана тамашалады.
Біріншілік соңында жеңімпаздар Шыңғырлау спорт клубы атынан диплом, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жәнібек Ишекенов
Шыңғыплау ауданы