9.08.2024, 12:15
Оқылды: 51

Ақжайықта Абай күні атап өтілді

Бүгін Ақжайық ауданы орталығындағы Абай мектеп-гимназиясының алдында «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбымен тағылымы мол, қазіргі буынға ой салатын шара өтті. Осы шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 10 тамызда елімізде атап өтілетін Абай күніне орай ұйымдастырды.

E4AFB3E3-CC4C-4894-983A-FD4DD7B16463

Ақынның ескерткіші алдында жиналған қауым халқымыздың руханиятын әлемге танытқан теңдесі жоқ Абай мұрасына қанығып, оның ойшыл философиясының тұнығына тереңдеді.

Алдымен көпшілікті аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова құттықтап, қазақтың ұлы ақынына арналған шараның Абай атын иеленген мектеп-гимназияда өтуі тегін еместігін баса атап өтті. Білім ордасы соңғы бірнеше жыл қатарынан республикамызда үздіктер сапынан көрініп, оқушылар білім гранттарын иеленіп жүр.

Осыдан соң З.Исатайқызы мен ақын, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Сағынтай Бисенғалиев ескерткішке гүл шоғын қойды.

CA6E9F95-8E46-4C14-B970-1FF12801A5CC

Шарада  республикалық байқаулардың жүлдегері Венера Нұрғалиева «Желсіз түнде жарық ай», Абай оқулары республикалық кезеңінің жүлдегері Назгерім Сәкенқызы «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әндерін орындап берсе, аудандық театр режиссері Арман Шыңғали «Қалың елім, қазағым» өлеңін оқып шықты.

Ұлы кемеңгердің артында қалған мұраны ұлықтауға сан саланың қызметкерлері де өз үлесін қосып келеді. Айталық, осы шарада мемлекеттік қызметшілер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқуда кәнігі шеберлік танытты.

Сағынтай Бисенғалиев пен ол поэзияда тұсауын кескен «Музаның» мұзбалақтары, облыс ақындары Мейірман  Шәкенов, Бекболат Қаленов Абай рухымен сырласқан өз өлеңдерін оқып берді.

Ақынның даналығын, даралығын дәріптеу тек бір күнмен шектеліп қалмайды. Сондықтан «Абай музыкалық челленджі» аясында аудан кітапханашылары бастаған, өзге сала мамандары қостаған үлкен топ еңбек ардагері Борис Хорошкинмен бірге Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелетіп, ауылдық округтер, мемлекеттік қызметшілерге челлендж жолдады.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале