Абай күніне орай Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде әдеби-сазды кеш өтті.
Осыдан 179 жыл бұрын Шыңғыстаудың Ералы жазығында шыр еткен қазақ дауысы – Алаш бағдар тұтқан жарық темірқазыққа айналды. Бұл күн – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін қастерлі күн.
Ақын мұрасының өзінен кейінгі ұрпаққа берер пайдасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай елдік мұраттың айнымас темірқазығы» - деген пікірін келтіреді.
Кеш барысында мәдениет қызметкері Тамара Кафарова «Мен бір жұмбақ адаммын» әнін баянның сүйемелдеуімен орындады.
Аудандық орталықтандырылған кітапхананың белсенді оқырманы Аида Қожасова арнауын арнады.
Сонымен қатар Райымбек Нұрғалиев пен Айымжан Егеуова Абайдың 18 және 31 қара сөздерін оқыды. Баймағамбет Ажығалиев «Сегіз аяқ» өлеңін нақышына келтіріп орындады. Алма Жанай «Көзімнің қарасы» әнін айтты.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы