Казталов ауданының құрылыс саласы уақыт санап, қарыштап дамып келеді. Соңғы жылдары халық игілігіне пайдалануға берілген мектеп, мәдениет, медицина нысандары мен тұрғын үйлер соның бір айғағындай. Биылғы жылдың өзінде ауданымыз бойынша 116 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ауданымызда құрылыс саласын жетік меңгерген, өз ісінің шебері саналатын құрылысшылар саусақпен санарлық. Солардың бірі, аудандағы маңызды нысандарда қолының ізі таңбаланған, жастарға үлгі болар жан — Ақылбек Қабдығалиев.
Ақылбек Тілекқабылұлы Казталов ауылының тумасы. 1966 жылы Казталов ауылында дүние есігін ашқан. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз жастайынан еңбекке араласып, әкесінің дұрыс тәрбиесін көріп өседі. Құрылысшы ретінде ең алғашқы еңбек жолын аудандағы коммуналдық кәсіпорында бастаған. Құрылысшы болып қызмет жасап жүрген жас жігіт Кеңес әскері қатарына алынып, екі жыл Отан алдындағы әскери борышын өтеп, туған ауылына қайтады. Ауылға келгесін аудандағы әйгілі «ПМК-11» мекемесіне жұмысқа тұрады.
Ақылбек Тілекқабылұлы «ПМК-11» мекемесінде жемісті еңбек етіп, аудан орталығында Казталов мектеп лицейі, кітапхана, аудандағы біраз нысандар мен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына қатысып, ауданның дамуына атсалысады. Кейіпкеріміз сол кездегі қызықты сәттерін былай еске алады: - Мен құрылыс жұмыстарына алғаш келгенімде Ғаббас Хасанов, Халел Нұрмашев сынды ағалар ұстазым болды. Қазір ол кісілер арамызда жоқ. Жандары жәннатта болсын! Олар маған құрылыс саласының қыр-сырын үйретті. Ол кезде ағалардың сөзің екі етпейтін едік. Біраз азаматтармен жұмыстас, үзеңгілес жолдас болдым. Аудандағы бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарына қатыстым. Кеңес үкіметі тарағасын аудандағы «ПМК-11» мекемесі де ұзақ жасамады. Жұмыстан босағасын мен білімімді жетілдіріп, Алматы қаласындағы құрылыс институтында құрылысшы мамандығы бойынша оқыдым. Тәуелсіз еліміз аяғынан тұрып жатқан кез Астана қаласының құрылысы басталған еді. «Нар тәуекел» деп Астанаға аттандым. Ол жерде де біраз жыл еңбек еттім. Әйгілі Президент резиденциясын салуға қатыстым.
Еліміздің бас қаласының құрылысына қатысқан Ақылбек ағамыз көп кешікпей ауылға оралып, «Қабдығалиев» жеке кәсіпкерлігін құрып, құрылыс жұмыстарымен айналысуды тоқтатқан емес. Қазіргі күнде «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда. Үйінде орналасқан цехта ғимарат, үй шатырына қажетті қосымша құрылыс материалдарын жасайды. Яғни, нағыз өндіріспен айналысып отырған нағыз шебер. Отбасында Ақылбек Тілекқабылұлы жұбайы Гүлбаршын екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан өрбіген немере-жиеннің қызығын көріп отыр.
Мереке қарсаңында Ақылбек Тілекқабылұлымен кездесіп, төл мерекесімен құттықтадық. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы сықылды тез суалар...» - деп Абай атамыз адал еңбекпен мал табуға, еріншек болмауға үйретеді. Адал еңбегінің арқасында нәпақасын тауып, ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып жүрген Ақылбек ағамыз аман болып, ұрпақ қызығын көре берсін!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz