Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» республикалық, экологиялық акциясы басталды.
Акцияның негізгі мақсаты – халықтың назарына табиғаттың ластану проблемасын аудару, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Осыған орай акцияға Орал қаласының тұрғындары, жастар, еріктілер, мекеме қызметкерлері, депутаттар өз үлестерін қосып келеді.
Сенбі күні Орал қаласының 10-шағынауданында «Жасыл аймақ» акциясы – ағаш көшеттерін отырғызу, тал-теректерді әктеу, саябақтар мен саяжайларды абаттандыру жұмыстарын жүргізу іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты.
Бұл жолы көгалдандыру жұмыстарына №53 «Автор своей жизни» тренингтік орталығы, «Вектор озарение +» командасы шықты.
– Орал қаласы – жасыл қала, әдемі қала деген атауын сақтап қалуы үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Тазалық өзімізден басталады. Сондықтан тұрғындарды, әсіресе жастарды, балаларды өздері тұратын үйлерінің айналасын, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырамын. Көшет алып беріп, көмек көрсетіп жатқан демеушілерге алғысымды айтамын. Бұлардың бәрі – демеушілер арқылы егіліп жатқан көшеттер, ағаштар. Осы тал-теректің жайқалғанына бәріміз жауаптымыз. Еліне, жеріне жаны ашитын жандар көп болсын! Барша акцияға атсалысқан қала қонақтары мен тұрғындарға, демеушілерге шынайы алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Сондай-ақ сенбілік барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз:
– Облысты көгалдандыруда, оны жетілдіруде, жалпы жасыл желекке көмкеруде, осы істе табиғатты қорғау ұйымдары белсенді атсалысып жүр. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 114 мыңнан астам көшет егілген болса, биылдың өзінде 238 мың көшет егу жоспарлануда, соның 54 200-і қазіргі күнге дейін егілді. Бұның барлығы – облыс бойынша цифрлар. Кез-келген қонақ әуежайдан түсе салысымен Оралдың жап-жасыл желекке көмкерілгеніне таңдай қағып жатады. Оның барлығы, біріншіден, біз бен сіздің еңбегіміздің арқасы. Яғни қоршаған ортамызға деген қамқорлығымыздың жемісі. Құрметті бүгінгі шараға қатысушылар өз жерімізді, елімізді, туған өлкемізді алақанымызға салып, мәпелеп, осылай жасыл желекке көмкеріп, барынша өзіміздің азаматтық парызымызды орындау – барлығымыздың мойнымызда тұрған үлкен жауапкершілік. Баршаңызға бүгінгі шараға келгеніңізге шынайы алғысымды білдіремін», - деді.
Сенбілік белсенді жастардың көшет отырғызып, су құю жұмыстарымен аяқталды.
Құндыз Қадырбаева
zhaikpress.kz