14.08.2024, 9:45
Оқылды: 582

Айдарханда аламан айтыс өтті

Жаңақала ауданына қарасты Айдархан ауылының төрінде Ақжайықтың ақтаңгер айтыскері, жыр жампозы Асылбек Ишановты еске алуға арналған «Жыр жүйрігі Асылбек» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

FDBE71A3-CE82-41CB-9D6A-52B0A2148586

Атырау, Ақтөбе, Орал қалалары мен Бөрлі, Бөкей  Ордасы, Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым және Жаңақала аудандарынан жиналған азулы ақындар, алдымен ауданның бас қақпасына аялдап, ата салтымызға сай дәмнен ауыз етті.

Әрмен қарай Асылбек Миразатұлының туған жері Жаңажол ауылына жол тартып, анасы мен баласының зиратының басында Құран бағыштады.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған дүбірге толы доданың алғашқы бөлімі ауылдық мәдениет үйінің алдында бастау алды.

F2713A0C-AD59-4BD8-821E-FC18F948B450

Қаздай тізілген «Ұлпан» әжелер ансамблі мен «Мейірім» келіндер клубы меймандарға шашу шашып, ақ ұсынса, Қали Жантілеуов атындағы аудандық балалар музыка мектебінің ұстаздарынан құрылған фольклорлық ансамбль «Мереке» күйін тарту етті.

Мәдениет үйінің фойесінде аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Салтанат Серікова мен Дина Нұрпейісова атындағы музей меңгерушісі Сымбат Рысқалиева бұла талантын бозбала кезінен танытқан жыр дүлдүліне арналған көрмеге шолу жасап, тот басса да тозбайтын жырларынан үзінді келтірді.

Аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшелері, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері Дәулеткерей Құсайынов пен Бауыржан Халиолла, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, ауданның құрметті азаматтары, ақын Өмірзақ Ақбасов пен Закария Сисенғали, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен ауыл қариялары бастаған айтыссүйер қауым көрмені тамашалаған соң залға барып жайғасты.

Сахна төріне шақырылған Алпамыс Жаңабайұлы мен Бауыржан Ергенұлы сөз алып, арқалы ақынның өлеңдері жинақталған «Аманат» кітабының тұсауын кесті. Кейін Асылбек Ишанов атындағы «Жас қалам» жас қаламгерлер үйірмесінің ұйымдастыруымен өткен «Жүректе өшпейтін жырың қалды» атты аудандық жыр мүшәйрасы қорытындыланып,байқау жеңімпаздарын Закария Жүсіпқалиұлы марапаттады. І орын иегері Айдархан ЖОББМ оқушысы Инабат Исманға Асылбек Ишановтың құрдастары да қаржылай қолдау көрсетті.

EE780B50-6F7A-4AC9-BD21-B903205AB072

Ауыздарына он сегіз мың ғалам сыйған орақ ауызды, от тілді ақындар айтысы түстен кейін басталды. Дәулескер күйші Дәулеткерей Құсайынов тізгіндеген дүбірлі шарада ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен жерлесіміз, жаңажолдық Данияр Нысанғалиев, бөрлілік Жарқынбек Шынтаев пен оралдық Әділ Ахметов, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Ақжайықтың Бисенғалиев Айнабегі, жәнібектік Мұрадым Мирланов пен теректілік Эльдар Ихсанов, ордалық Талғат Мықи мен Ақжайықтан Бекболат Қаленов және сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен жаңажолдық Орынбек Меңдіқұл жұп болып айтысты.

Төрт сағатқа созылған кеште ақындарымыз еліміздің саясатын сөз етіп, өзекті мәселелерді тереңінен толғады. Мәселен, Әділ Ерікқалиұлы  аудан әкіміне «Жаңажолға тек өзің келе бермей, өзіңмен бірге жаңа жолды алып кел» десе, Нұрбол Маратұлы «Елдос Сметовтай әлем чемпионын шығарсаңдар, жолдарың да түзеледі» деп, ауылға барар жолдың жағдайын әзіл аралас жырына арқау етті.

1788AE10-FF33-400B-BC85-85070BF54696

Ал Шалқарбай мен Айнабек ақын бірін-бірі қалжыңмен қағытып, көрермендерге күлкі сыйлай білді. Айнабек Шалқарбайды құйрығымен жорғалаушыға теңесе, Шалқарбай қарсыласын өзбек халқының «ТИКО» көлігіне теңеп қана қоймай, «екі тізең бір-біріне соқтығысып жүргенше, Айдарханда екі айдай бордақыланып, қалаға «товарный видпен қайт» деп әзілдеді.

Сондай-ақ атыраудың адуынды ақыны ауылдық мәдениет үйіне Асылбек Ишановтың атын беруді ұсынды.

Ал Мұрадым Мирланұлы «Намазыңды бос кезде оқитындай, сабағы емес жуастау мұғалімнің» деп Жаңажолға мешіт керегін тілге тиек етсе, Талғат Мықи «Жол үстінде үзілген жас ғұмырды, Жаңақаланың жұрты жалғап жатыр», «Келіндердің құрсағы құтты болсын, Жаңылсын анамыздың құрсағындай» деп, Асылбектей асыл ерді өмірге әкелген марқұм анасын да жырына қосып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ әкімдікке қалауы бар қарсыласы Эльдар Ермекұлына «Ауыл емес, ауданға әкім болшы, Пультпенен ашылатын қақпасы бар» деген сөздерімен жаңақалалықтарды түйрей келіп, «Мәсімов те түсінген мына жалған, Мәсінің қонышындай тар екенін» деп атақ, мансаптан да маңызды дүниелер бар екенін ұғындырды.

Соңғы жұп Бауыржан мен Орынбектің тартысты айтысы қорытынды кезең болды десек, артық айтқанымыз емес.

«Кіндігімді кескен жұрт алдарыңа, Некемді қия салып, шауып келдім» деп жаңажолдың жыр тарланы жақында отбасылы болатынын жасырмай, депутат қарсыласын «Мәселе шешу дегенді депутаттар, Костюм киіп, шешу деп түсінеді» деп бір қызартып тастады.

2A4FB860-D4F2-4944-8437-89DDB7F645CD

Сонымен бірге Орынбек айтыс үстінде өзіне әке де, шеше де бола білген әкесін 60 жасымен құттықтап, «Абай бола алмаймын білемін, Бірақ сен менің Құнанбайымсың» деп дүйім жұрттың алдында әкесінің мерейін көтеріп тастады. Сонымен бірге «Мәди баптап жатыр ғой палуандарды, Тануда алыс, жақын қауымда шын. Жас балалар шығуда түбі Асланбек, Дәурендердің күресіне табынғасын. Солардың күрес залы тар болып тұр, Интернат қой тоздырған қабырғасын. Соларға кеңдеу бір зал керек боп тұр, Ұландар сары додада арындасын. Күмісін де әкелетін, алтынын да, Тынысы палуандардың тарылмасын» деп Алпамыс Жаңабайұлына інілік қолқасын салып, «Себебі Айдарханым Асылбек боп, Асылбегім Айдархан боп кеткен еді» деп туған жұрты арда ұлын ешқашан ұмытпайтындығын жеткізді.

Ал Бауыржан Шимердинұлы орайлы сәтте Орынбектің әкесінің иығына шапан жауып, ілтипатын білдірді.

Сондай-ақ «Қара өзен емес ауылдың іргесінде, Қара өлең ағып жатқан болар» деп Жаңажол халқы қашанда жырдан самал ескен, әлі де есетін өңір екеніне сенім білдіріп, «Ишановтарда жүйріктер көп болғанымен, нөмір бірінші жүйрігі Асылбегі» деп сөзін түйіндеді.

Өнер додасына қатысқан барлық айтыскер ақын қаржылай марапатталып, Асылбек Ишановтың ағасы, Жаңажол ауылының әкімі Айбек Ишанов Данияр Нысанғалиев пен Бауыржан Халиоллаға жылқы мінгізсе, Асылбектің құрдастары демеушілік танытып, Шалқарбай мен Айнабек ақынға 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

4D2DDBD1-292E-4D3E-86AB-885CE77AC30F

Бауыржан Ергенұлы: «Дүниеде ең соңғы қазақ қалғанша, айтыс өнері өлмейді» деп шараны қорытындылады.

«Өмірі жол үстінде үзілсе де, өнерде үзілмейтін жолы қалды» деп ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев айтқандай, Жаңақала жұрты жасындай жарқ етіп, жұлдыздай ағып түскен ақберен ақынын мәңгі жырлайды.

142ED158-1E7F-4F59-B244-0EF3CBC19BC0

Дәулеткерей Құсайынов:

– Бұл айтыс ғасырлардың қойнауынан келе жатқан қазақтың саф өнерінің өміршең екендігін дәлелдеді. Яғни адамның қуанышында да, қайғысында да айтыс өнері жүретіндігінің дәлелі болды. Сонымен қатар аталмыш өнердің дамуына кім қаншалықты үлес қосса, оған халық соншалықты баға беретініне көзім жетті. Бұл найзағайдай жарқ ете түскен Асылбектің еңбегіне беріліп жатқан баға. Тек осымен шектеліп қалмай, әрмен қарай жалғасатын болады. Айтыс ақындары да өміршең, өнерлері өшпек емес. Олардың өмірі айтыспен бірге жасай береді. Ол үшін халықтың аялы алақаны, ілтипаты керек. Бүгін ақындарын бағалайтын халықтың барына шын қуандым, сендім. Осынау айтыстың жоғары дәрежеде өтуіне екі жақтың да үлесі мол болды.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Жаңажол ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале