Батыс Қазақстан облысына келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Оралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің құрылыс барысын тексерді.
Қазір Оралда 374 үй салынып жатыр. Бұл үйлер тасқын судың зардабын көрген тұрғындарға беріледі. Бір үйдің құны – 25 миллион теңге.
Бұл туралы БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев айтты.
- Жұлдыз шағынауданында 191 үйді 17 мердігер салып жатыр. Деркөлде 5 мердігер 103 үйдің құрылысын жүргізсе, Зачаган кентінде 80 үйдің құрылысын 12 мердігер қолға алды. Жұлдыздағы үйдің құрылысы 12 маусым басталды. Барлық үйдің қабырғасы қаланып, төбесі жабылып, терезесі салынып жатыр.
Бәрі де ішкі жұмысқа кірісіп кетті. Баспаналарға инженерлік желі тартылды. 80 пайызына су, газ, жарық желісі келіп тұр. Қазір желілерді қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Үйдің құрылысы 1 қыркүйек аяқталады деп жоспарланып отыр, - дейді Нұркен Еділұлы.
Қанат Алдабергенұлы салынып жатқан үйлердің қарқыны мен сапасын тексерді. Айта кетейік, «Жұлдыз» шағынауданындағы үйлерге 600 адам көшіп келмек.
- Ең алдымен сапаға мән береміз. Сапасы төмен болмасын. Екі жыл кепілдік болуы керек. Тұрғындар үйлеріне қыркүйек айында кірсе газ қосылған, судың қысымы да жақсы болуы шарт. Балабақшада орын жеткілікті ме? Тапшылық болса тезірек шешім қабылдап, құжаттамасын дайындап, балабақшаның да құрылысын бастау керек. Оқушыларды мектепке апарып әкелу үшін қоғамдық көлік санын арттыру мәселесін де қарастырыңыздар, - деген вице-министр құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
- Бұл үйлер саяжай тұрғындарына беріледі. Бірінші кезекте отбасында адам саны көп жанұяларға беріледі. Жоспар бойынша «Жұлдыз» шағынауданында келесі жылы «Жайлы мектептің» құрылысы басталады, - деді қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов.
Қанат Бозымбаев Деркөл және Зачаган кентіндегі үйлердің де құрылысымен танысты.
zhaikpress.kz