Батыс Қазақстан облысының аумағы арқылы өтетін халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға жүргізілген көктемгі кешенді зерттеу нәтижелері бойынша көптеген кемшілік анықталды. Бұл туралы БҚО ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттер: БҚО ПД-ның баспасөз қызметі
«Атап айтқанда, жолдағы шұңқырлар, шөгулер, ойықтар, сондай-ақ жол белгілерінің болмауы және т.б. жолда жүру қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының атына БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы орындау мерзімін белгілей отырып, кемшіліктерді жою туралы нұсқама жолдады.
Алайда қайтадан бақылау мақсатында жүргізілген тексеру кезінде кемшіліктердің жойылмағаны, нұсқамалардың орындалмағаны анықталды.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның БҚО филиалына қатысты ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар сот тәртібімен 1 млн 292 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы осы жылдың жеті айдағы қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бөліністері жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін 160 лауазымды тұлғаны, оның ішінде 70 басшыны әкімшілік жауапкершілікке тартты», - деп мәлімдеді БҚО ПД-ның баспасөз қызметінен.