23.08.2024, 11:00
Оқылды: 148

Ақжайықта Абай онкүндігі қорытындыланды

Биыл Ақжайық ауданында қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай күні он күн қатарынан аталып өтті. Ауыл-ауылда ақынның шығармашылығын насихаттаған, ұрпақ жадында жаңғыртқан шаралардың нүктесі «Әлем таныған Абай» тақырыбындағы қорытынды шарада қойылды.

0D56F725-0E34-489D-BD18-99078257360C

Шараның шымылдығын Арман Шыңғали қарасөздерден құралған моноспектакльмен ашты, ал кітапханашылар Тұрсынай Сейтжанова, Бақыт Жантасова, Ерке Бақтиярова оқыған ақын өлеңдері есті оқырманның көңілін тебіренткені анық.

Онкүндік аясында «Абай мұрасы» аудандық байқауы жарияланған болатын. Қанша ғасыр өтсе де, ақын шығармашылығының мәңгі халықтың жүрегінде сақталатынының дәлелі – осы байқауға 100-ден астам үміткер қатысқан екен. Қорытынды шарада әр аталымда жеңімпаз атанған жерлестеріміз сахна төрінде қошеметтелді.

E39D1751-D89D-4871-90BA-C3789516DA9E

Атап айтсақ, Абайдың рухымен өлең жолдары арқылы сырласқан Бекболат Қаленов байқаудың «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімінде үздік атанды. Сонымен қатар осы шарада облыстық «Пайда ойлама, ар ойла» атты Абай оқуларында ІІІ орын иеленген Болат Нағымовқа тиесілі марапаты табысталды.

Үміткерлердің мәнерлеп оқу шеберлігі сыналған «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімінде Темірлан Сейтбай І орын, Әйгерім Нұрмұхамедова ІІ орын, Айару Жұмасейіт ІІІ орынды иеленді.

F2B8C527-EBDF-4CE5-97BF-86C7BE43E25B

«Құлағым әнді ұғады» Абайдың сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде үздік болған Мәдина Мұхамбетқалиева, Жомарт Жанаев, Света Қазиевалар марапатталды.  

«Абай балалар көзімен» атты бөлімде ұл-қыздарымыздың Абай шығармаларының мазмұнын арқау еткен суреттері сарапқа салынды. Бұл бөлімде Жұлдызай Сағын І орын, Айлы Нұрбекова ІІ орын, Аялы Нұржанова ІІІ орынға ие болды.

2D04D748-DE43-4224-9725-A6142DC7662A

Шараның соңында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев пен ақын, ұстаз Болат Өтешов Абай Құнанбайұлына арналған өлеңдерін оқып, әнші, «БҚО-ның үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері Венера Нұрғалиева «Желсіз түнде жарық ай» әнімен сахна шымылдығын жапты.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале