23.08.2024, 17:15
Оқылды: 172

Сарыөмір ауылында әдеби-сазды кеш өтті

Ақ ерке Ақжайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева бүгін 80 жасқа толып отыр. Осы орайда Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде «Өлеңдерім елімнің көгершіні» атты әдеби сазды кеш өтті.

C826FF92-3B60-4B98-9189-854C780629F7

Көрнекті ақын 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданнының Еңбек ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы №11 қазақ орта мектебін бітірген.

1966 жылы Алматыда Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын «Орал өңірі» облыстық газетінде бастаған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакцияларында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған.

7262A8B6-02A5-4E8A-A468-D7536CF5D7C9

«Өрімтал» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. Кейіннен «Наз» (1969), «Қуанышым іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы», «Белокрылая» (1981), «Ақ желең» (1985), «Сүмбіле» (1990), «Ақ шағала» (2001), «Гүлдесте» (2009) атты кітаптары басылып шықты.

Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан, жырлары ойшылдығымен, көркем тілімен, нәзік сезімімен оқырман жүрегін баулитын көрнекті ақын, қоғам қайраткері. Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған, өзінің тамаша өлең-жырларымен қазақ поэзиясының аспанын биіктетіп, көкжиегін кеңейткен талантты лирик ақын.

8A61DDB9-93D5-4EB6-AF82-2A47C4B0DEE1

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әуезді әндері шырқалды. Сонымен қатар жыр шумақтары оқылды. Ақын өлеңдерінде көркемділікпен бірге толып жатқан асыл қасиеттер бар. Сол асылдардың асылы – шынайылық. Ақұштап жырларының қағидаға айналғандай тағы бір қасиеті – шынайы сезім мен әдемі де әсерлі ой бірімен-бірі астасып, қатар өрбіп отырады.

Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры тағы басқа мәселелер – ақын поэзиясының арқауы. Ақұштап Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келгені әмбеге аян.

Айшабибі Мәмет

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале