28.08.2024, 23:35
Оқылды: 124

«Шекараны бүкіл халық күзетеді!» патриоттық акциясы Жәнібек ауданында қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаментінің бастамасымен, шекараның тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың шекараны қорғау бойынша сақ болуын қамтамасыз ету мақсатында «Шекараны бүкіл халық күзетеді» патриоттық акциясы өтіп жатыр. Акция бүгін Жәнібек ауданында қорытындыланды.

image-28-08-24-10-37-1

Таң сәрісімен аудан әкімдігінде акция бойынша үйлестіру кеңесі өтті. Кеңесте аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ашып жүргізіп отырды. Жиынға Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының өкілдері, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар, қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, аудан активі мен қоғамдық бірлестіктері, сонымен қатар акцияның мақсаты мен барысын түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаментінің жедел уәкілі, капитан Жандос Ахметбеков қатысты.

- Шара ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық сипатқа ие болып, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуді болдырмау мақсатында, әсіресе шекара бұзушылардың шоғырлану орындарында өткізіледі. Атап айтқанда, жол бойындағы кемпингтер мен қонақүйлер/хостелдер, жол бойындағы АЗС және кафелер, дүкендер/супермаркеттер, жеке тасымалдаушылар, теміржол және автовокзалдар, шекара маңындағы кәсіби және басқа жұмыстармен айналысатын тұлғалар, трансшекаралық мұнай және газ құбырларын қызмет көрсетушілер, шаруа қожалықтарының басшылары және тағы басқа жерлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Акция шекаралық аймақта орналасқан 7 ауданда өткізіледі. Жәнібек ауданы соңғы аудан болып есептеледі. Акцияның аты айтып тұрғандай, халықты шекараны күзетуге һәм қорғауға тарту. Шекараны заңсыз кесіп өтіп, заңды бұзып жатқандар бұған дейін өзбек, ресей азаматтары болса, қазір шекара асуды тәжік, ауған азаматтары қолға алған. Себебі ТМД елдеріне өту үшін Қазақстан бірден-бір жолы, - деді жедел уәкіл.

Сонымен қатар Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары Айдар Есенсарин де сөз алып, шекараны заңсыз өтіп кеткен азаматтар айтып, бірнеше мысал келтірді. Мәселен, аудандағы шекара заставалары арқылы өтуге тырысқан 12 үнді және 8 ауған елінің азаматы ұсталды. Онымен қоса Борсы ауылының тұрғыны бір шет ел азаматын шекарадан өткізуге көмектескен. Көмектескені үшін ол азаматтан ақша алған екен. Шет ел асқан азамат пен борсылық азаматтың үстінен іс қозғалуда. Сонымен қатар Айдар Бақыткелдіүлының айтуынша, шекараның берік болмауына кадрдың жетіспеушілігі әсер етеді. Мысалы, шекараны 500 адам күзету керек болса, тек қана 300 адам қорғауда. 200 шекарашының орны бос тұр.

image-28-08-24-10-37-9

Үйлестіру кеңесінен кейін жедел уәкіл, жергілікті атқарушы орган мен құқық қорғау қызметкерлері аудан орталығындағы «Адай» дәмханасы, «Ақжол» дүкені, «Саян+» супермаркеті, қонақүй мен жанар-жағармай құю бекетіне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

image-28-08-24-10-37-3

Акция жалғасы Жақсыбай ауылында өтті. Бұнда Х.Халиуллин атындағы шекара заставасы, «Охотзоопром» мекемесі мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы мен Айдар Есенсарин сөз алып, акция мақсатын түсіндіріп, әлемде болып жатқан жағдайларды атап өтіп, соның ішінде Ресей мен Украина елдерінің арасындағы шиелініске тоқталып, шекараны ел болып күзетуге шақырды. Сондай-ақ олар Х.Халиуллин атындағы шекара заставасының шекарашы-ефрейторы Жалғас Маратов пен қатардағы жауынгер Бекзат Аманғалиевке аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатын табыстаса, ауыл тұрғындары Ерденбек Елеусінов, Бейбіт Темірәлиев пен Мерует Қуанышалиеваға Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Ерғали Аймырзаевтың алғысхатын берді.

image-28-08-24-10-37-4

Әрмен қарай салтанатты жиын Жақсыбай көркемөнерпаздарының ұсынған шағын концертімен жалғасын тапты.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале