«AMANAT» саяси партиясы, "Ұлы дала" ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы" РҚБ бірлескен бастамасы "Қарызсыз қоғам" жобасы аясында оқытулар қарқынды ұйымдастырылып келеді. Жобаның мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарызсыз қоғамды қалыптастыру.
Жоба оқытулары жеке қаржыны басқаруды, отбасылық бюджетті қалыптастыру, жоспарлау, бөлуді, несиелерді ұтымды алуды, кәсіп бастауды ұйымдастыруды, алаяқтар мен қаржы пирамидаларынан сақтануды үйретеді. Осындай пайдалы білім беру курсы Шыңғырлау ауданында көптеп өткізіледі. Жақында Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Л.Қлышев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде "Қарызсыз қоғам" жобасының бескүндік курсы өткізілді.
Оқытуды қаржы сарапшысы Мансия Турдалиева жүргізіп, аталған мектептің ұстаздары, тәрбиешілер мен әдіскерлер, барлығы 30 адам қатысты. Осындай пайдалы оқудың білім беру саласының мамандарына арналып, ұйымдастырылғаны өте дұрыс болды. Себебі ұстаздар білген-түйгенін алдағы уақытта оқушыларға айтып, үйрете жүретіні белгілі. Курста қаржыға қатысты барлық ақпараттар беріліп, түрлі практикалық сабақтар өткізілді. Қатысқан білім саласының мамандары қаржылық сауаттылығын арттырып, "қаржылық жастықшасын" қалыптастыруды үйреніп шықты. Курстың соңында ұстаздарға «AMANAT» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы Азамат Таганиязов, аталмыш жоба менторы, қаржы сарапшысы Мансия Турдалиева сертификаттар табыстады.
Жалпы тегін оқыту қазіргі уақытта республиканың 17 облысында және 3 ірі қалада жүргізілуде. Өткен жылы еліміздің 8 өңірінде 65 мың адам оқудан өтсе, биыл жылдың соңында дейін 750мың қатысушыны қамту жоспарлануда.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы