Кеше Казталов ауданы, Көктерек ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекенінде сол ауылдың әр жылғы түлектерінің бастары қосылған "Перзенттер кездесуі" атты үлкен іс-шара өтіп, алақандай ауыл тұрғындары бір-бірімен қуана қауышты.
Таңертеңгі сағат онда басталған жерлестер басқосуында барлық қатысушылар ауыл сыртындағы үлкен қорымға барып, ата-бабалар рухына зиярат етті. Одан кейін ауылдастардың тікелей ұйымдастыруымен Саралжын ауылының өркендеп дамуы мен мал-жандарының амандығы жолына Жалпақтал мешітінің имамы Тілек қажы Ахметжанұлына арнайы құран оқытып, ел болып тасаттық берді.
Осылайша ұзақ күн бойына бір шараны екінші шараға ұластыра білген саралжындық ағайындар биылғы жылы ауылдан бой көтерген жаңа мектепке ел болып саяхат жасап, сол жерде ауылдастар кездесуін өткізіп, еркін сұхбаттар мен ұмытылмас естеліктерге кезек берді. Ел есінен кетпейтін ерекше сипаттағы мерекелік шара соңы "Туған жерге құрмет - перзенттік парызымыз" атты ауыл өнерпаздарының күшімен әзірлеген үлкен концертке ұласып, мерекелік дастархан жайылды.
Шараға қатысқан Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев ынтымағы жарасқан Саралжын ауылының тұрғындарына өз ризашылығын білдіріп, ауқымы кең мәдени шараны ел болып жүзеге асыра білген жерлестерін ауылдарында бой көтерген жаңа мектептің пайдалануға берілуімен шын жүректен құттықтады.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы