2.09.2024, 17:00
Оқылды: 35

Ауылдың ажары агроөнеркәсіппен ашылады

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

91F69C0F-98E7-4D26-8E10-B160159F9CAA

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп саласын дамытудың маңызы экономикалық қана емес, егемендік тұрғыға көтерілгенін айтты, әсіресе Қазақстан қамбасына дән құйған диқандар қауымының еңбегін ерекше бағалады:

– Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.

Даланы терімен суарған диқанның бірі – қызылағаштық Қайрат Ерғалиев.

Қызылағаш ауылы көзін тоқтатпай, сыдыра қараған адамға бір сарынды тірлік кешіп жатқандай болуы мүмкін. Бірақ, ауылдан әрі қарай бір қырқа ассаңыз шабындық пен егіннің басындағы берекелі бейнетке куә боласыз.

FEEA7197-1606-415C-955E-7BF2D67C6ADF

«Жайсаң» шаруа қожалығы қазір мал азығын дайындап жатыр. Пішеншілерге 6 000 бума шөп дайындау межесі қойылды. Қайрат Ерғалиевтің айтуынша, 4 000-ы шаруашылықтың қорын толықтырады. Ал, қалған 2 000 бума ауылдастарға тиімді бағада сатылады. Биыл буманың данасы 6 000 теңгеге бағаланып отыр. Облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда, бұл өте ыңғайлы баға. Шаруашылық бүгінде дәнді дақылды ғана емес, шөпті де егу әдісіне көшірген. Табиғаттың райына тәуелді болып отырмай, нақты өнім көлемін есептеуге осы ыңғайлы.

– Биыл 130 га жерге судан шөбінің дәнін шаштық. Бітік өсті. 80 га алқапты шауып, 500 бума шөп алдық. Қалған 50 гектардың өнімін тұқым ретінде пайдаланамыз. Бір артықшылығы, алдыңғы шапқан жердің шөбі көктеп, көтеріліп, тағы шалғы сұрап тұр. Биіктігі адам бойымен бірдей. Демек, қайтара шабамыз. Міне, егілген шөп осылай жарылқайды, - дейді бір алқапқа қайтара игеруге кірісіп жатқан Қайрат.

Бұдан бөлек, 70 га тары және бидай, арпа алқабы бар. Бидай мен арпа орылды, қамбадан ауысқаны ауыл – айналаға тоннасы 70 000 теңгеден сатылды. «Жайсаң» қожалығының жалпы егіс көлемі 200 гектарды құрайды.

Қайрақаңның әкесі Уәлихан мырза да елге сыйлы кісі, қырдағы еңбектің қыр-сырын білетін азамат. Даланың адамы үйде отыра ала ма?! Уалихан ағамыз да механизаторлармен бірге шабындық басында жүр.

Биыл Қайрат Ерғалиев Vector 410KZ маркалы комбайн алып, алқапқа қалды. Далалық жұмыстарға екінші тыныс берген Vector жуырда Шолақаңқаты ауылдық округіндегі егін орағынада атсалысып келді.

«Жайсаңның» жайлауында 400 бас ірі қара жайылып жүр. Оның 100 басы – асыл тұқымды ақбас сиырлар.

Шаруашылық биыл 1 000 қойдан 700 қозы алды. 1 400 ешкіден іріктелген серкелер күз аяғына қарай бордақылау алаңына барып тұрады.

Тоқаев мырза бүгінгі Жолдауында:

– Жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн» - деді.

Қайрат Ерғалиев – адал еңбек қылып, ауызындағысын ауылдасымен бөлісіп отырған азамат.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале