6.09.2024, 12:15
Оқылды: 126

Юрий Мельниченко: «Мақсатымыз бір қола болған, Парижден күміспен оралдық»

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы Париждегі Олимпиада ойындарын бір күміс медальмен аяқтады. Бұл «классиктерді» көп күттірген жүлде еді. Себебі, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы Нұрбақыт Теңізбаевтың жетістігінен соң, отандық балуандар грек-рим күресінен олимп тұғырына көтерілмеген. Осы орайда, Olympic.kz команданың бас бапкері Юрий Мельниченко Париж қорытындысы мен алдағы жоспарларын  әңгімеледі.

22FF7ADE-657E-4C0E-90E9-4D7E61FAB1C1

Суреттер: Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов, UWW

Демеудің күмісі алтынға пара-пар

Париж Олимпиадасының қарсаңында біз бір қола медаль жеңіп алсақ деген мақсат қойдық. Ал оны нақты кім ұтып алатыны  белгісіздеу болды. Франция астанасында кімнің атой салғанын көрдіңіздер ғой?! Жарысты күміспен аяқтадық. Мен үшін Демеудің күмісі - алтынға пара-пар. Белдесудің бел ортасына дейін есепте алда тұрды.

Біздің команда үшін, Қазақстан құрамасы үшін үлкен абырой, ірі жеңіс. Қазақстанда туып-өскен балуандар арасындағы Олимпиадада көрсеткен ең үздік спорттық нәтиже. Қалған жігіттерге келер болсам, ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Бәрі де шамасы келгенше күресті. Бірінің күресі жақсы жүрді, енді біріне бұл үлкен тәжірибе болды.

Демеу Жадыраевтың жекпе-жегі туралы көп нәрсе айтқым келеді. Бірақ бәрін де жанкүйер көрді. Егер жарыс бір күнде өтіп кеткенде, Демеу қарқынын жоғалтпай, алтын алар ма еді деушілер де бар. Бір жағынан бұл да қисынға келеді. Бірақ күрестегі финалдық белдесулерді бір күннен соң өткізу туралы шешімді Біріккен күрес әлемі (UWW) әлдеқашан қолданысқа енгізген.

Бұл жердегі ең басты мәселе – спортшының психологиялық тұрғыдан дайын болуы. Ертеңгі финалға дейін өзін қалыпта ұстап, өзінің екпінін жоғалтпай, психологиялық жағынан сыр бермеу де спортшыға оңай емес. Өйткені, олимпиадалық ауылда әрбір кездескен адам финалға шыққанымен құттықтап жатады. Мұның бәрі расымен де қиын.

Десе де, Демеудің бұл жетістігін мақтан тұтамын. Ол жақсы күресті.

Алда әлем чемпионаты өтеді

Маусымның аяқталуына да аз уақыт қалды. Осы аралықта бізді тағы да ірі жарыс күтіп тұр. 28-31 қазан күндері Албанияның Тирана қаласында Олимпиада бағдарламасына енбейтін салмақ дәрежелерінде әлем чемпионаты өтеді. Қазір сол додаға дайындық бірінші  орынға шықты. Олимпиадаға қатыспаған балуандар өз мүмкіндіктерін сынап көреді.

Әзірге, чемпионатқа баратын команда тізімі  толық жасақталған жоқ. Қазақстан чемпионатында үздіктер қатарына енген балуандарға басымдық беріледі. Одан бөлек, халықаралық және әлемдік турнирлерде көзге түскен жігіттер де назардан тыс қалмайды. Егер қажет боп жатса, кейбір салмақтардағы мықты балуанды анықтау үшін өзара бақылау жекпе-жектерін де өткіземіз.

Ал Олимпиадаға қатысқан балуандарға қойылатын басты талап – қалпына келу. Кез-келген балуанда жарақат бары рас.  Жарақаттарын емдеп, психологиялық тұрғыдан қалыпқа келуі керек. Егер балуандарымызға тағы да уақыт керек болса, оған да келісеміз.

Бізге жақсы резерв керек

Қазір 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Кеше ғана біздің талантты балуанымыз Ислам Евлоев чемпион атанды. Бұл керемет көрсеткіш! Ислам өзінің мықтылығын ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында да дәлелдеді. Команданың аға бапкерін кеше құттықтадым.

Одан бөлек, жасөспірімдер командасы да екі күміс еншіледі. Үш балуанымыз қола үшін күресті. Олардың барлығы да аға буынның ізін басатын спортшылар. Жақсы резерв болған жерде нәтиже де өседі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале