12 қыркүйек – жергілікті әскери басқару органдарының күні. Бұл мереке биыл үшінші рет аталып өтіп жатыр. Бұған дейін еліміздің әскери органдары Кеңес Одағы кезіндегі революциялық-әскери кеңес құрылу күнін тойлап келген еді. Осы атаулы күнге орай Бөкей ордасы ауданының басшысы Нұрлыбек Даумов бастаған топ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жеке құрамы және ардагерлерімен арнайы кездесіп, мерекемен құттықтады.
Аудандағы әр жасөспірімнің сарбаздық өмірге қадам басуы жергілікті әскери басқару бөлімінің табалдырығынан бастау алатыны сөзсіз. Бүгінде аталмыш бөлім орналасқан ғимараттың күйі қашса да, елдің мүддесін қорғау жолында шаршамай, талмай қызмет ететін қорғаныс қызметкерлерінің еңбегі еселі. Әскери бөлімнің ішін аралап, ғимараттың қазіргі жағдайымен танысып шыққан аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы жаңа ғимарат салудың қажеттілігін атап өтіп, алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін табады деді. Бұдан соң жеке құраммен жалғасқан кездесуде жылы лебіздер айтылып, сый-сыяпаттар табыс етілді.
– Өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде сіздің ұжым үлкен үлес қосып келеді. Өйткені, әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру арқылы азаматтарымыздың отансүйгіштік қабілетін оятып, ел-жерді қорғауға деген жауапкершілік сезімдерін жаңғырта түсетініміз анық. Осы мақсатты берік ұстанып қызмет етіп жатқан әр маманның еңбегі қадірлі деп білеміз. Өкінішке қарай, ғимараттың жағдайы алаңдатып тұр, облыс басшысының алдында да бұл мәселені көтердік, алдағы уақытта түпкілікті шешіледі деп сенеміз. Жастарды әскер қатарына тарту бойынша түрлі кедергілер кездеседі. Шалғай ауданда орналасқандықтан жастардың дені тұрғылықты жерінен басқа жаққа көшіп кетуі, не жұмыс іздеп қоныс ауыстыруы сынды т.б себептерге қарамастан жақсы нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Жоспар бойынша 23 адамды жөнелту көзделсе, 26 азамат әскер қатарына жіберіліп, берілген жоспар 113%-ға орындалды. Бұл соңғы бес жылдықтағы керемет нәтиже, өнімді істің айғағы, - деген аудан басшысы жергілікті әскери басқару органдарын нығайту ісіне қосқан жеке үлесі үшін бірқатар мамандарды алғысхатпен марапаттады.
Саналы ғұмырының 26 жылын жергілікті әскери басқару органына арнаған Өтеген Кенжеғалиевке ерекше құрмет көрсетілгенін айта кетелік.
– Қатарыммен бірге сарбаздық борышымды өтеген соң өмірлік қызметімде осы саламен тығыз байланысты болды. Көзімді ашып-жұмғанша 26 жылым өте шығыпты. Жастарды әскерге тартуда біраз іс атқардық деп есептеймін. Еңбегімізді елеп-ескергендеріңізге ризашылығымды білдіремін, - деп сөз алған Өтеген Сисенұлы мереке күні арнайы құрмет көрсеткен аудан басшылығына да алғысын айтты.
Шара соңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Мақсот Құрамшинде әріптестерін мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Жергілікті жерде әскери басқару органдарының жұмысын ілгерілетуде, аумақтық қорғанысты ұйымдастыруда әрқайсыңыздың еңбегіңіз өте зор. Биыл үшінші мәрте төл мерекемізді атап өтудеміз. Жоспарымыз ауқымды, мақсатымыз нық. Біртіндеп оң нәтижелерді еңсеріп келеміз. Мерзімді әскерге шақыру, әскери міндеттілерді есепке алудан бастап біз мемлекеттік қызметтің жеті түрін көрсетеміз. Аудан әкімдігінің қолдауымен жұмысымыз ширай түсіп, болашақ сарбаздарды даярлауда тындырымды іс атқара берейік, - деп сөзін түйіндеді бөлім бастығы.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы