12.09.2024, 23:17
Оқылды: 351

Казталовтық Бекнұр Серіков Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды 

Теңге ілудің «Бес белес» стилінен алтын жүлде қазақстандық спортшы, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Сарықұдық ауылының тумасы Бекнұр Серіковке бұйырды.

InShot_20240912_231706658

Айтулы бәсеке «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен еді. Сайысқа 13 мемлекеттен 31 спортшы қатысып, жарыс көркін қыздырған болатын. Көшпенділер ойынындағы теңге ілуден «Бес белес» стилі бойынша жеңімпаз атанған Бекнұр бауырымыз облыстық ұлттық спорт мектебінің спортшысы. Ол теңге саны жағынан да, уақыт бойынша да ең үздік өнер көрсеткен спортшы болып тарих парақшасында ұзақ жыл сақталары хақ. Себебі, жарыс алаңына төрт мәрте шыққан Бекнұр алғашқыда берілген екі мүмкіндіктің бірінде 10 теңгенің сегізін, екіншіде жетеуін ілген еді. Ал финалдық тартыста 14 теңгенің он екісін, екінші мүмкіндігінде он бірін іліп, аса шебер спортшы екенін дәлелдеді. Теңгелерді түгел ілуге 35 секунд уақыт берілсе, Бекнұр бауырымыз соны 33 секундта іліп шықты. Бекнұр Серіков дүниежүзі бойынша өтіп жатқан айтулы ойында алтыннан алқа таққан ауданымыздың айрықша спортшысы екенін бәріне мойындатып, әлем жұртшылығы алдында отандастарының абырой-беделін еселей түсті. Елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына теңге ілуден ең үздік спортшы атанған Бекнұрды барша қазақстандықтар атынан айтулы жеңісімен қызу құттықтап, алдағы уақытта одан да биік белестерді бағындыра беруіне шын жүректен тілек білдіреміз.

Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында І орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында І орын, 2023 жылы І Азия Кубогінің І орын иегері атанған танымал спортшы.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале