ДДСҰ-ның Еуропадағы аймақтық кеңсесінің директоры, доктор Ханс Хенри П. Клюге және Лондон Денсаулық cақтау және тропикалық медицина мектебінің жаһандық денсаулық сақтау профессоры Питер Пиот маймыл шешегіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Сурет: istockphoto.com
Ғалымдардың пайымынша, осы ауруға қатысты әлемнің бір бөлігінде денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды елемеудің салдары барша әлемге теріс әсер етеді.
Олардың айтуынша, маймыл шешегі Африканың бірнеше бөліктерінде кем дегенде 40 жыл бойы байқалып отыр. Аңнан адамға жұғатынын білсе де, ұзақ уақыт бойы әлемдік денсаулық сақтау қауымдастығы оны елемеді. Көптеген жұқпалы аурулар сияқты онымен қарқынды түрде күресу керек. Себебі қарсы іс-қимыл жасалмаса, инфекцияның таралуының жаңа жолдары немесе штамдары пайда болады. Маймыл шешегі бұрын Африка аумағымен ғана шектелгендіктен, әлемнің қалған бөлігі оны елемеуді ыңғайлы шешім деп санап келді.
Бұл жағдай екі жыл бұрын Еуропада осы індеттің бастапқы ошағы болған кезде өзгерді. Аурудың алғашқы өршуі Африкаға сапарлардан кейін басталды. 2022 жылы бұған Еуропаның реакциясы өте жылдам болды. Мұқият қадағалау, індет жұқтырған адамдармен байланыста болғандарды бақылау осы ауруға қатысты қадағалауды жеңілдетті.
Дегенмен, Еуропаның m-pox-пен күресі әлі де аяқталмады. Өңір елдері инфекцияға тосқауыл қою іс-шараларын аяғына дейін жеткізбеді және міндеттемелерін толық деңгейде орындамады. Ай сайын Еуропа аймағында індеттің 100-ге жуық жаңа жағдайы байқалды.
Биыл маймыл шешегінің clade I штамының қайта жандануы, оның ішінде clade Ib деп аталатын тез таралатын түрінің анықталуы салдарынан Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы континентегі денсаулық сақтау саласында төтенше жағдайды, көп ұзамай ДДСҰ маймыл шешегі вирусына байланысты жаһандық төтенше жағдайды жариялады.
Жыл басынан бері шығыс-орталық Африкада осы аурудан 500-ден астам өлім-жітім тіркелді, олардың басым көпшілігі Конго Демократиялық Республикасында анықталды.
Үш негізгі тәсіл
Алдағы апталар мен айларда Еуропа және бүкіл әлемде маймыл шешегі ауруынан қорғануда үш негізгі тәсіл қажет.
Біріншіден, жағдайларды жылдам анықтау, оқшаулау және емдеу үшін тез анықтау әрі есеп беру механизмдері арқылы індетке қарсы бақылауды күшейту керек. Бұл дәрігерлерге мәлімет беруді күшейтуді, зертханалық диагностика мүмкіндіктерін арттыруды және күдікті жағдайлар туралы уақытыл әрі ашық түрде деректермен алмасуды білдіреді.
Екіншіден, Африка мен Еуропаға арналған вакцинаға тұрақты және стратегиялық инвестициялар қажет. Қазіргі кезде маймыл шешегіне қарсы вакциналардың әлемдік өндірісі айтарлықтай шектеулі. Ал сұраныс әлдеқайда жоғары.
Үшіншіден, өмірлік маңызы бар іс-шаралар бойынша теңдікті қамтамасыз ету қажет.
Ғалымдардың пайымынша, Еуропада m-pox ауруынан сенімді қорғанудың ресурстары болғанымен, бұл ретте әлі де қосымша іс-қимылдар керек.
«Алайда, егер вирус басқа жерлерде бақылаусыз тарала берсе, Еуропаның жасаған әрекеті еш нәтиже бермейді. Бірігіп әрекет ету шараларының қажет екені Африка аумағында өз маңызын көрсетті. Олар ұзақ уақыт бойы маймыл шешегі ауруының ауыртпалығын өз мойнына алып келді. Бірақ бұған дейін оларға аз көңіл бөлінді және Африкада індетпен күресуде ресурстары аз болды», - дейді олар.
Бұл тұрғыда еуропалық көшбасшылар шешуші рөл атқара алады. Яғни вакцинаны таратуда теңдікті қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау инфрақұрылымына инвестиция салып, ауруларды бақылау мен әрекет ету мүмкіндіктерін нығайту бойынша өңірдегі іс-қимылды қолдау бағытында ұжымдық саяси белсенділікке күш салуы тиіс.