Президентіміз атап көрсеткендей, көшпенділер өркениеті – дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған ерекше құбылыс. «Көшпенділер ойыны» додасы – ұлы тарихи оқиға.
Қан қыздырар, қиқулатып арқа қоздырар аламан бәйгеден қай қазақ баласы қағыс қалғысы келеді. Әр жұлдызды сәтті тікелей қатысып бөлісу бақыты маңдайымызға жазылған екен. Қазақстан құрамасының 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға ие болғанына қол соғу мәртебесіне ие болдық. Тек соңғы жарыс күнінің өзінде ұлттық құрамамыз 11 алтын, 9 күміс, 9 қола жүлдені қанжығасына байлады. Теңге ілуден жеті құт стилінен Бақыт Төлтай алтын жүлдеге, бүркіт салудан Серікбек Күнтуған алтын, Ержан Байқадамов күміс, Арман Қошқаров қола жүлдеге ие болғанда баяғы Ақан сері, Біржан салдар дәуірі бар сән-салтанатымен көз алдымыздан өтіп шыққандай әсерге бөлендік.
«Балуанға оң-солы бір» демекші, өзіміздің қанымызға сіңген сайыстарды былай қойғанда, түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан әйелдер арасында Құндыз Есіркеп алтын жүлде алса, Айкерім Қуанышбекова қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Биғали Зікиряев алтын медаль алса, Азамат Қайдаров қола жүлде еншіледі. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Мұның қайсы бірін айтып тауысасың...
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» деген кітабы бар. Сонда әдебиет теориясы мәселелерін түсіндіру үшін түрлі мысалдар келтіріп отырады. Шетінен қызық. Соны бірі мынадай: «Қазақ өнерсіз бола тұра, көпке шейін бөтен жұрттарға бағынбай келгенін түрлі жоруға болады: не бұрынғы заманда қазақ мықты халық болған деп, не көшпелі болғаннан сынаптай сырғып, ешкімнің қолына тұрмаған деп, не ауданы үлкен кең дала, ол замандағы айналасындағы көрші жұрттардың уысына сыймаған деп». Керемет емес пе?!
Мен тарихшы ретінде осының үшеуі де бар деп ойлаймын. Қазақстанның тарихы – біртұтас, халықтың бірігу тарихы. Сондықтан мұндай шоқтығы биік үлкен халықаралық шараға өңір музейлерінің келуі әбден заңды құбылыс.
Біз Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан 364 жәдігер әкелдік, Астана қаласының тұрғындарына және көшпенділер ойындарына қатысушылары мен әр мемлекеттен келген қонақтардың назарына «Шежірелі Ақжайық» атты көрме ұсындық.
Әрине, бұл сапардың біз үшін маңызы айрықша. Біріншіден, облысымыздың бай тарихымен шетелдіктерді таныстыруға мүмкіндік алдық. Қазір интернет дәуірі дегенімізбен, атына қанық болмаса, әлемде екінің бірі біз туралы ақпарат іздейді деу бекер. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, тұлыпқа мөңіреу. Бірден айтайын, Батыс Қазақстан облысының Визит картасы – Тақсай ханшайымы (Алтын ханшайым) саналады. Бұл – біздің жыл санауымызға дейінгі VІ-V ғасырлардың жәдігері. Сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны 2012 жылы өңіріміздің Теректі ауданы, Долинное ауылы Тақсай-1 оба кешенінен табылды. Қабірден әйел адамның мүрдесімен бірге алтын әшекей бұйымдары мен діни рәсімдерге арналған заттар шықты.
Ғылыми ортада қызығушылық туғызған ерекше жәдігерлердің бірі – Тақсай тарағы. Тарақ үш бөліктен тұрады, орталық бөлігінде арбалы екі сарбаздың жаяу жүргіншімен арасындағы жүріп жатқан соғыс көрінісі бейнеленген. Қазақстан аумағында бұл жәдігердің баламасы жоқ. Осы мәліметтерге қаныққан көрме қонақтарын музейімізді келіп тамашалауға шақырумен болдық. Келіп көрушілер қатарында есеп жоқ.
Екіншіден, халқымыздың бай тарихын толықтыра түсті. Дана халқымыз: «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» демей ме, Батыс Қазақстанның жерінен табылған әр жәдігер, археологиялық ескерткіш – бүкіл қазақ халқына ортақ қазына, ұлтымыздың баға жетпес рухани байлығы. Көне өркениет ошағы – Жайық қалашығы XIII-XV ғасырлардың дәстүрлі қайталанбас өнер туындылардың бірі.
Ол туралы сөз бөлек. Алда үлкен жоспарымыз да бар.
XIX-XX ғасырларға тән күміс әшекей бұйымдар, көшпелілердің қару-жарақтары, Ішкі Бөкей Ордасының тарихын әйгілейтін үш ғасырдан астам тарихы бар Меккеден әкелінген бал шелегі, XIX ғасырдың қанжары, молда Жабір Хамадовтың араб тілінде жазылған оқу құралы секілді құнды жәдігерлер ел тарихын паш етті.
Үшіншіден, тәжірибе алмастық. Көрмені 7-13 қыркүйек аралығында 70 мыңға жуық адам тамашалады. Әсіресе, Үндістан, Корея Мексика, Монғолия, Австралия, Марокко, Португалия, Норвегия, Жаңа Зеландия, Франция, Германия, Италия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Индонезия, Америка, т.б шетелдік қонақтар тәнті болды. Қазақтың тарихи құндылықтары мен археологиялық қазба жұмыстарынан табылған құнды жәдігерлерді бүгінгі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан біздің музей ұжымына шынайы ықыласын білдірді. Көрмеге Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музей қорынан 364 жәдігер, Хан Ордасы музейінен 50-ден астам жәдігер қойылды.
Тарихшы ретінде бір ауыз пікір білдіре кетейін.
Кеңестік дәуірден қалған сыңарезу керітартпа, кесірлі кесапат ұғым болды – «көшпенді» десе, ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ тәрізді көрушілік қалыптасты. «Атқа жеңіл құдаша» дегендей, кемсітушілік те болды.
Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ата-бабаларымыздың өркениеті мен мәдениетін паш етті. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, көшпенділер өркениетінің көші мәңгілікке жалғаса береді.
Мирболат Ерсаев
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры