19.09.2024, 16:15
Оқылды: 205

Бөрліліктердің V Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан кейінгі әсері қандай?

Сарыарқаның төрін шаңға бөктеріп, төрткүл дүниені біздің елге қаратып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Қанжығамыз майланып, ұлттық спорттың исі аңқып, арқа-жарқа болдық. Әншейінде анау-мынаумен толатын әлеуметтік желілердің барлығы дерлік ұлттық бояумен боялып, жанымыз жадырап қалды.

2837452B-A926-4B38-B9C7-FB631C27AAB7

– Өткен жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын Түркияда тамашаладық. Изник ауылындағы көл жағасында өтті. Тек қана доданы емес, Түркияның өзен-көлі, таулы аймақтың табиғатын да тамашалап қайттық. Түркия жарысты өзен жағасында өткізіп, Ыстықкөлдегі дәстүрді жалғастырды. Дарқан даласын, ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін тамаша табиғат аясында насихаттады. Әуел баста Көшпенділер ойынын Алматы қаласы, Алматы облысы, Шымкент және Астанада өткізсек деген ұсыныс болды. Таңдау Астанаға түсті. Жарысты тамашалауға келетін қонақтарға Көкшетау, Бурабайдың табиғатын тамашалауға жағдай жасалды. Одан бөлек, Ұлы дала жорығын жарысқа қосып отырмыз. Солтүстіктегі Ботай қонысының тарихынан бастап насихаттамақ ниетіміз бар. Ежелгі қоныс Астанадан 400 шақырым қашықтықта орналасқан. Ботай қонысынан елдордаға дейін төрт күнде 400 шақырымдық межені бағындыруға арналған жарыс өтті. Жылқыны қолға үйреткен тайпалардың Ботай мәдениетін насихаттау үшін Ұлы дала жорығын бағдарламаға енгіздік. Көшпенділер ойынын Ботай қонысынан бастап, Астанадағы ашылу салтанатында жылқы тарихын насихаттаймыз.

Ұлттық спорт қауымдастығына Көкпар, Жамбы ату, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Асық ату федерациялары топтасты. Әр федерация ұлттық ойындардың тарихын зерттеп, елге насихаттады. Қатысушылар 20 спорт түрінен сынға түсті. Оның 10-ы түркі халықтарына ортақ ресми бекітілген ойындар. Өзгесі өзара ұқсас ұлттық ойындар мен әр елдің өзінде ғана бар спорт түрі. Мысалы, күрестің бес түрі бар. Қазақ күресі, өзбектің кураш күресі, қырғыздың алышы, түріктің Аба күресі, корейдің ұлттық күресі бар. Интеллектуалды ойындардан: тоғызқұмалақ, түріктің мангаласы, Африка елінің вари (ovare – ред.) ұлттық ойынынан спортшылар сынға түсті, - деген еді aykin.kz сайтына берген сұхбатында ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

08D73DDA-B9C5-4487-8D62-6B25C4462BAA

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты алдында су эстафетасы өткізілген болатын. Бұл шара байрақты бәсекелердегі алауды жағу дәстүріне ұқсас. «Бірлік керуені» іс-шарасы өткізілетін күні өңірлердің өкілдері басқаратын керуен – бұл спортшылар, қоғам қайраткерлері, түрлі облыстардан келген өңірлердің батырлары Астанаға Қазақстанның қасиетті көздерінен су жеткізеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын су Астанадағы тайқазанда ойындардың ашылу күні қосылып, бірліктің басты символына айналды. Айта кетейік, ойындар ашылған күні киелі суға толы торсықтары бар түрлі өңірлерден келген батырлар құрамындағы керуен ойындардың ашылу салтанатына жарқын шерумен өтті. Өңірдің дәстүрлері мен стилистикасымен безендірілген керуен құрамында Астанаға су ыдысынан басқа, ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық ұжымдар жіберілді. Осы айтулы шарадан біздің бөрліліктер де шет қалған жоқ. БҚО атынан аттанған делегацияның құрамында Бөрлі ауданынан аудандық демалу орталығы директорының орынбасары Арна Доспулаева мен асық атудан аға жаттықтырушы Ержан Өтеғалиев болды. Елдің жоғын түгендеп, өшкенін маздататын мерейлі шара туралы жерлестерімізден сұрап білдік.

– 8-13 қыркүйек күдері өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойнының тұжырымдамасына сәйкес, әр өңірдің батырымен елшілері киелі бұлақтан суды Астанаға алып келеді. Осынау тарихи сәттің қаймағы өңіріміздегі бұлақтың суын торсыққа құйып, батырмызға табыстау рәсімі – дәстүрді насихаттап, ұлттық құндылықты дәріптеп жүргенімді бағалап, ескеріп маған ұсынылса керек. Бұлақтан суды торсыққа құйып жатқан кезімде кеудемде ерекше күш, қуат пайда болды. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген дана халқым, ақ тілегімді жаудырып бұлақтың суын торсыққа құйып оң ниетпен, оң аяқпен батырымызға табыстадым. Бұл сәттің өзі мен үшін тарих әрі үлкен мәртебе. Торсығымызды мұқияттап салып алып, ұшаққа жол тарттық. Осы арада өткен екі сағат маған қатты мотивация беріп, Астана қаласынан бір шықтық. Шыны керек қой үстінде бозторғай жұмыртқалған заманда өмір кешудеміз. Қазақ елі, елдің бірлігі мен тыныштығының арқасында ғой осындай әлем сүйсінер дүниежүзілік шаралар өтіп жатыр деген ой көкейімнен шықпай қойды. Торсықтағы Ақбұлақтың суын бас қаланың төріндегі үлкен тайқазанға құйдық. Елдің әр өңірінен қаситетті бұлақ суы әкелінді. Бұл шара елдің татулығы мен тұтастығын насихаттады. Сонымен қатар тіршіліктің нәрі саналатын судың да киелі екенін аңғартты. Елдің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы насихатталған ойындарға әлемнің 89 елінен спортшылар қатысты. Жалпы Көшпенділер ойындарының бағдарламасы, ұйымдастырылуы, ұлттық бағыттағы киім, барлығы-барлығы өте керемет. Ашылу салтанатындағы қойылым арқылы ортаға қазақтың қандай ұлт екенін анық көрсетіп берді. Сол сәтте көк туымыз көкке көтерілген еді. Менің көзіме еріксіз жас келді. Осы тиылмады. Бұл Ұлы дала төсіндегі осындай елдің тұтастығын насихаттайтын шараның өтуі, елдің абройының асқақтығының дәлелі екендігін сезінген сәттегі мақтаныштың көз жасы еді. Теңге алу сайысында біздің жерлесіміз Бекнұр бақ сынады. Сөзбен суреттеуге келмейтін тарихи сәттің алдында Бекнұр ешкімге есе жібермеді. Бойындағы рух пен күш, жігер мен қайсарлық оны басқалардан оқ бойы озық етіп алып шықты. Бұл біздің елшілер үшін, қазақ үшін ең тамаша жеңіс болды десек жалған емес, - деді дәстүрмейкер Арна Доспулаева.

– Түркі әлемі көз тіккен Көшпенділер ойыны – бабалар аманат еткен қастерлі мұраны кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен керемет өтті. Бүгінде ДКО ұлттық спорт түрлерінен әлемдегі ең ірі жарыс саналады. Шет мемлекет қонақтарының пікірі бойынша Париж Олимпиадасынан да жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Астана қаласында жеті күнге созылатын жарыстарға 89 елден 2 500-ге жуық қатысушы келді. Мен ұлттық ойынымыз асық атуды насихаттаушы ретінде БҚО-ның атынан елші болып барған жайым бар. Қазақстан құрама командасы асық ату және бес асықтан чемпион атанды. Керемет ойын көрсетті, керемет нәтиже! Мықтылар жеңіске жетті. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 114 медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Оның ішінде 43 алтын, 34 күміс және 37 қола бар. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – көшпенді мәдениеттің жандануының жарқын көрінісі. Ол – болашақ ұрпаққа ата-бабаларының бай мұрасын жеткізудің және сақтаудың маңызды құралы. Ойындардың ауқымы жыл сайын қанатын кеңінен жайып, қатысушы елдердің саны артып келеді. Бұл шара – халықаралық аренада көшпенді мәдениеттің беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл тарихи сәтті көзбен көру өте ерекше сезім қалыптастырды, - дейді Ержан Өтеғалиев.

Шараның жабылу салтанатына V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нуров Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа торсық толы суды табыстады.

Келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтпек.

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале