Бүгін Орал қаласы әкімдігінде Қала күні мерекесі аясында шаһардың дамуы мен абаттануына зор үлес қосып, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келе жатқан бір топ азаматқа «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Салтанатты шарада мемлекеттік Гимн айтылып, қала әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев құттықтады.
- Қос құрлықтың өркениетін біріктіретін шаһарымызда көне дәуір мен жаңа заманның қайталанбас сәулеті үйлесім тапқан. Бұл – біздің үлкен байлығымыз, оны қорғап, нығайтуымыз керек. Қазір Орал нық қадаммен дамып, өркендеп келеді. Мұның бәрі қала тұрғындарының туған жеріне деген шынайы қамқорлығының арқасында жүзеге асып жатыр.
Жыл сайын қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында бірқатар жоба сәтті орындалып жатыр. Қала халқы жыл санап өсуде. Қаланың батыс бөлігінде жаңа «Ақжайық» шағын ауданы бой көтеруде. Мұнда 76 көппәтерлі тұрғын үй мен 60-тан аса әкімшілік ғимарат салынады. Қазіргі уақытта шағынауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл жыл аяғына дейін бірнеше үйді қолданысқа береміз. Шаһардың солтүстік-шығыс бөлігі мен Зашаған кентінде де мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірқатар үй салынып жатыр. Биыл кезекте тұрған 200 отбасыға жаңа пәтер беру көзделген. Оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, - деді Жандос Асхатұлы.
2024 жылғы 27 тамыздағы қалалық мәслихаттың шешімімен Гүлжиян Атаниязова, Виктор Графкин, Мағрипа Исқақова, Мұхаметжан Кенжеғұловқа «Орал қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Олар – түрлі салада еңбек етіп, ел құрметіне бөленгендер.
- Оралда бүгін ерекше күн. Қала күні тойлап жатырмыз. Оралға бір рет келген адам ешқашан оны ұмытпайды. Барлық жақсылықты тілеймін. Мереке құтты болсын! – деген Мағрипа Есенғұлқызы еңбек ардагерлері атынан алғыс білдірді.
Шарада су тасқыны кезеңінде тасқын судың бетін қайтаруға ат салысқан Жәнібек, Шыңғырлау, Тасқала, Сырым, Жаңақала, Бөкейордасы аудандарының әкіміне және қалалық мәслихаттың депутаттарына алғысхат табысталды.
Динара Насыр,
Фотоға түсірген автор және Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы
zhaikpress.kz